National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченконы қабылдады

2021 жылғы 28 маусым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Беларусьтің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы байланыстарын, сондай-ақ, интеграциялық бірлестіктер аясындағы ықпалдастығын оң бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет басшыларының тығыз байланыс жасап тұратынын және жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтардың сәтті жүзеге асырылатынын ерекше атап өтті.

– Сіздің бұл сапарыңыздың бағдарламасы тығыз екен. Қостанай облысына бардыңыз. Бұл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы әлеуеті тұрғысынан өте маңызды аймақ. Нақты келісімдерге қол жеткізіліпті. Сенбі күні Президенттеріңіз Александр Лукашенкомен сөйлестім. Екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмастық. Қазақстан үшін Беларусь, шын мәнінде, стратегиялық серіктес әрі одақтас ел. Ынтымақтастығымызды нығайтып, дамыта беру үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты келіссөздердің қорытындысы Қазақстан мен Беларусь қатынастарының көкжиегін одан әрі кеңейте беруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.  

– Әрине, бұл уағдаластықтар бір сәттік емес, сондықтан оған байыппен қарап, жүктелген міндеттемелерді орындауымыз керек. Яғни, бос сөзге малданбай, Сіздің тарапыңыздан және үкіметтер деңгейіндегі келіссөздер барысында айтылған барлық мәселені нақты шешу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко Александр Лукашенконың сәлемін жеткізді және екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының перспективаларына егжей-тегжейлі тоқталды.

– Біз әрдайым одақтас әрі серіктес елміз. Адами фактор – іскерлік қатынастарды дамыту үшін аса маңызды. Сондықтан пандемиядан кейінгі кезеңде сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың қарқынды дамитынына сенімдіміз. Беларусьтің Қазақстанға, ал Қазақстанның Беларуське шығаратын экспорты жылдам артып келеді. Бұл Қазақстан үшін өте жақсы фактор болып табылады, – деді Роман Головченко.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің