National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті

2024 жылғы 28 наурыз

ҚХР, Боао қаласы

Боао Азия форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ШЫҰ жұмысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Президент Ұйымның «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты Астанада өтетін алдағы саммитіне Қазақстан тарапы ерекше мән беретінін жеткізді.

– Бізге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Өйткені қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, алдағы Астана саммитінің маңызы өте зор. Саммит барысын және оның аясында қабылданатын шешімдер мен келіссөздерді бүкіл әлем бақылап отырады. Білуімше, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары аталған жиынға түгел қатысуға ниет білдіруде. Ұйымдастырушы тарап ретінде Қазақстан саммиттің табысты өтуі үшін қолдан келген шараның бәрін жасайды, – деді Президент.

Өз кезегінде Чжан Мин Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін арттыруға Қазақстан елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

 – Ұйымның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның үлкен күш-жігер жұмсап жатқанын және Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сіздің ШЫҰ қызметін жетілдіруге айрықша мән беріп отырғаныңызды жоғары бағалаймын. Астана саммитінің сәтті өтетініне сенімдіміз, – деді Бас хатшы.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ-ны өңірлік қауіпсіздік, сауда-экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыс процестерін ынталандырудың пәрменді тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің қорытынды құжаттарының мазмұны бойынша егжей-тегжейлі жұмыс жүргізу маңызды екеніне назар аударды. Онда Ұйымға мүше барлық мемлекеттің көзқарасы мен ұстанымдары ескерілгені жөн.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің