Заң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, сондай-ақ вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған. Балаларды, әсіресе, жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне тосқауыл қою үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жаңа баппен толықтырылды. Аталған норма жаңа туған баланы тастап кету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың келіп түсуі және жеткізілуі туралы фактілерді хабарламағаны үшін лауазымды тұлғаларға жауапкершілік жүктейді (135-1). Сонымен қатар осы Заң арқылы ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру сияқты ұсақ бұзақылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ мүлікті жойғаны немесе бүлдіргені (вандализм) үшін әкімшілік жаза қатаңдатылды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.