ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында кеден саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жайы қаралды.
Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев кеден қызметін мемлекет құру ісіндегі маңызды салалардың бірі ретінде ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Содан бергі уақытта заңнамалық және ұйымдастыру тұрғысында қыруар жұмыс атқарылды, заманауи кедендік инфрақұрылым жасалды. Дегенмен, аталған салада айтарлықтай даму болғанымен, кеден қызметіндегі барлық проблема түбегейлі шешілді дей алмаймыз.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кедендік жүйенің тиімділігін арттырып, одан түсетін табысты көбейтуді тапсырды.
Кеден саласын жетілдіру мақсатында электронды декларация тапсыру жұмысы жетілдірілді, тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді, басқа органдардың ақпарат жүйелерімен интеграция орнатылып, құжат алмасу, ұйымдастыру ісі жолға қойылды. Кеден саласына қатысты заңнаманы жетілдіру бағытында Мемлекет шекарасында заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары қабылданып, Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Қаржылық мониторинг агенттіктерінің, Бас прокуратураның, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қаржы министрлігінің басшылары аталған саладағы сыбайлас жемқорлық және басқа да заң бұзушылық әрекеттерді анықтау жөнінде, кінәлілерді заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тарту бағытында қабылданып жатқан шаралар жайында баяндады.
Сонымен қатар отырыс барысында кедендік процестерді цифрландыру, бюджет кірісін арттыру, аталған саладағы сыбайлас жемқорлықтың себебі мен салдары секілді мәселелер талқыланды.
Комиссияда Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев кедендік бақылау ісін өз деңгейінде ұйымдастыру және сала жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Жиында халықаралық тәжірибедегі кедендік басқару ісіне енгізіліп жатқан озық технологиялар, оның ішінде, сыртқы экономикалық қызметке жұмылдырылған дерекқорларды цифрландыру мен проактивті интеграциялау мәселелері көтерілді.
Комиссия отырысында кеден саласындағы экономикалық өсімнің төмендеуіне және заңды кәсіпкерлік қызметіне жиі кедергі келтіретін кемшіліктерді жою мәселесіне мән берілді. Мұны шешу үшін кеден қызметі мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ, кедендік құқық бұзушылықтарға ықпал ететін жауапсыз қызметкерлерді анықтау, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру туралы ұсыныстар айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, оны орындау Қаржы министрлігіне, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырылды.
Комиссия отырысының соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты нақты тапсырмалар беріп, оның орындалуы қатаң бақылауда болатынын мәлімдеді.