National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік кеңесші Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысын өткізді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға тиісті мекемелердің өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы ЮНЕСКО комитеттері мен қауымдастықтарының басшылары қатысты.

Жиында ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарымен арадағы ықпалдастықты дамытуға қатысты басымдықтар мен жоспарлар талқыланды. Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударатынын айтып, оның тапсырмаларын орындаудың маңызына тоқталды.

ЮНЕСКО ұйымы өткен жылдың соңында қазақтың бірегей салты – «Беташарды» Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік (үлгілі мұралар) тізіміне енгізген болатын. Осы ретте Ұлттық комиссия мүшелері ұйымның бұл шешімін ерекше ықыласпен қабылдады. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің басшысы Амир Пирич Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге «Беташардың» аталған тізімге енгені туралы түпнұсқа сертификатты табыс етті.

Сондай-ақ отырыста Қазақстанның мұрағаттық және тарихи-құжаттық материалдарын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» атты халықаралық тізіміне енгізуге қатысты жұмыстарды жандандыру қажеттігіне назар аударылды. Мысалы, 14 жыл үзілістен кейін, биыл сәуір айында осы тізімге «Хандар шежіресі» қолжазбасы енгізілді.

Басқосуда алдағы іс-шараларға қатысты мәселелер де қарастырылды. Атап айтқанда, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын атап өту және Самарқанд қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясына дайындық жұмыстары талқыланды.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару