АҚШ, Нью-Йорк қаласы Кездесу барысында Кениямен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды. Президент Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде атап өтіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді. – Мен Кенияның даму барысын, экономикалық және сыртқы саясатын қадағалап отырамын. Сондай-ақ Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайынмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде Уильям Руто қазақстандық компанияларды Кения экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндіктерін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты. Сонымен қатар Президент Африка мемлекеттерімен екіжақты деңгейде және көпжақты бірлестіктер аясында, ең алдымен БҰҰ шеңберінде өзара байланысты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Уильям Рутоны келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге және Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.