National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларация

2024 жылғы 29 қазан

Моңғолия Президенті Жоғары Мәртебелі Ухнаа Хурэлсухтың шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 28 – 29 қазан аралығында Моңғолияға мемлекеттік сапар жасады.

Екі мемлекеттің басшылары (бұдан әрі – Тараптар) Қазақстан Республикасы және Моңғолия арасындағы 1992 жылғы «Дипломатиялық қатынастарды орнату туралы хаттама» мен 1993 жылғы «Қазақстан Республикасы және Моңғолия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шарт» шеңберінде, сондай-ақ 1998, 2007, 2008 жылдардағы «Қазақстан Республикасы және Моңғолия арасындағы бірлескен декларациялардың» қағидаттары аясында нығайтылған дәстүрлі достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың тұрақты дамуын жоғары бағалады.

Тараптар Қазақстан Республикасы және Моңғолия арасындағы достық қарым-қатынастар мен саясат, сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, білім беру, мәдениет және туризм сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастықтың кеңеюін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық алаңдар шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдетуді құптады.

Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес және тәуелсіздік, егемендік, теңдік, аумақтық тұтастық, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын құрметтеу негізінде Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды тереңдету екіжақты деңгейде ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия өңірінде және халықаралық деңгейде бейбітшілік пен орнықты дамуды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады.

Тараптар стратегиялық әріптестікке негізделген келесі бес негізгі бағыт бойынша ынтымақтастықты тереңдету туралы шешім қабылдады: 1. Саясат, қауіпсіздік және қорғаныс; 2. Сауда және экономика; 3. Білім беру, мәдениет, ғылым және ақпараттық технологиялар; 4. Көлік, логистика, туризм және адамдар арасындағы алмасу; 5. Өңірлік және халықаралық алаңдардағы ынтымақтастық.

Бірінші. Саясат, қауіпсіздік және қорғаныс

Екі мемлекет басшылары өзара жоғары деңгейдегі сапарлар мен тұрақты диалог тетіктері арқылы саяси сенімді нығайту үшін екі елдің Мемлекет және Үкімет басшылары арасындағы қарым-қатынастарды белсендіруге келісті. Тараптар сондай-ақ өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған екіжақты ынтымақтастықты арттыру үшін жоғары деңгейдегі заң шығарушы органдар арасындағы байланысты нығайтудың және Ұлттық қауіпсіздік кеңестері мен құқық қорғау органдары арасындағы қарым-қатынасты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Бұл келесідей іс-шараларды қамтиды:

- Саяси түсіністікті нығайту және екі елдің заң шығарушы органдары мен парламенттеріндегі достық топтар арасындағы ынтымақтастықты дәйекті түрде қолдау мақсатында жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасу және консультативтік кездесулер өткізу;

- Екі елдің қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын кеңейту, қорғаныс министрліктері арасында консультациялар тетігін құру, өзара әскери атташелерді тағайындау, әскери ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен далалық оқу-жаттығулар ұйымдастыру;

- Екіжақты деңгейде халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, қару-жарақ контрабандасына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, ядролық материалдардың заңсыз айналымына және заңсыз көші-қонға қарсы тұруда тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіру. Екі елдің прокуратура, сот, құқық қорғау және шекара қызметінің мекемелері, сондай-ақ арнаулы органдары арасындағы байланысты нығайтуға қолдау көрсету;

- Екі елдің ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы белсенді рөлін ескере отырып, ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды арттыру бойынша күш-жігер жұмылдыру;

- Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Моңғолияның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясының Атқарушы кеңсесі арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою;.

- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі арасында тұрақты негізде саяси және консулдық консультациялар өткізу және әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2025 – 2027 жылдарға арналған жаңа ынтымақтастық жоспарын құптады. Екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың күн тәртібінде тұрған мәселелер, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасу тетігін күшейту;

- Қазақстан Республикасы мен Моңғолия өңірлері арасындағы алмасуды кеңейтуге жәрдемдесу және үйлестіру. Бауырлас қалалар арасындағы достықты ілгерілетуді, екі елдің жастары арасындағы достық алмасуды дамытуды жалғастыру.

Екінші. Сауда және экономика

Тараптар заманауи технологиялар, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, сондай-ақ Моңғолияның бай табиғи ресурстары сияқты Қазақстан Республикасы мен Моңғолияның дамуының артықшылықтары мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Тараптар сондай-ақ Моңғолияның «Көзқарас – 2050» ұзақ мерзімді даму бағдарламасының мақсаттарын ескере отырып, ынтымақтастықты төмендегідей бағыттар бойынша кеңейтуге келісті:

- Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тұрақты отырыстарын жоспарлау және екі ел арасындағы сауда, инвестициялық және экономикалық өзара іс-қимыл бойынша диалогты кеңейту. Қажет болған жағдайда нақты бағыттар бойынша екіжақты жұмыс топтары құрылады;

- Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және дамыту үшін екі жақтың нормативтік-құқықтық базасын нығайту. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің 2025 – 2027 жылдарға арналған жол картасын әзірлеуді жоғары бағалайды. Тараптар сондай-ақ екі ел арасында қолайлы инвестициялық ахуал құруда шешуші рөл атқаратын Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді жасау үдерісін жеделдету туралы келісті;

- Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы тауар айналымын 500 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайту және тауарлардың экспорты мен импортын әртараптандыру шеңберінде Тараптар Моңғолиядан Қазақстан Республикасының нарығына жүн, кашемир және былғары өнімдерін экспорттау, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан Моңғолия нарығына жеміс-жидек пен көкөніс импортының көлемін арттыру;

- Екі елдің ауыл шаруашылығы секторының бай ресурстарын ескере отырып, мал және ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту;

- Моңғолияның кең байтақ жазықтары мен жайылымдарын тиімді пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы саласында бірлескен ауқымды жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру;

- Экспорттық және импорттық қызметті жеңілдету мақсатында екі елдің ветеринариялық және карантиндік мекемелері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, бірыңғай ақпараттық жүйені құру және азық-түлік өнімдеріне ветеринариялық сертификаттардың санын арттыру;

- Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) халықаралық стандарттарын ескере отырып, вакциналауды қоса алғанда, жануарлардың денсаулығын сақтау саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру;

- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою;

- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Моңғолияның Ветеринария бас басқармасы арасындағы ветеринариялық қызмет және карантин саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою;

- Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасы мен Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Іскерлік кеңестің құрылуын құптады. Кәсіпорын өкілдері мен материалдық игіліктерді өндірушілердің өзара сапарларының, екі елде ұйымдастырылатын көрмелер мен саудаларға қатысудың, сондай-ақ екіжақты бизнес-форумдарды тұрақты және тиімді ұйымдастыру.

Үшінші. Білім беру, мәдениет, ғылым және ақпараттық технологиялар

Екі мемлекет басшылары заманауи ақпараттық технологиялар дәуірін ескере отырып, білім беру, ғылым, электронды технологиялар және байланыс сияқты әлеуетті салалардағы ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы мәдени байланысты тереңдету және, осылайша, көшпенділер мәдениетін бүкіл әлемге тарату бойынша ынтымақтастық орнатуға келісті. Атап айтқанда:

- Моңғол тарапы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шәкіртақысы бойынша моңғол студенттеріне жоғары білім бергені үшін терең ризашылығын білдірді;

- Болашақта орнықты дамуды қамтамасыз ететін жоғары білімнің әлеуетін күшейту үшін кез келген басқа да шәкіртақылық бағдарламаларды іске асыруды қоса алғанда, білім беру және адам ресурстарын дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайту;

- Қазақтану және моңғолтануды дамытуда өзара қолдау көрсету, сондай-ақ екі елдің тіл, мәдениет және география мұғалімдерін, мамандар мен зерттеушілерін даярлауға жәрдемдесу, моңғол тілін Қазақстанда тарату және моңғол тілінің мамандарын даярлау бойынша ынтымақтастық орнату;

- Тараптар қазақ және моңғол тілдерінің мұғалімдерін даярлауға мүмкіндіктер жасау үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді;

- Бірлескен күш-жігер арқылы ғылыми және стратегиялық зерттеулер мекемелерінің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, осы бағыттағы озық тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру, тарихи және археологиялық зерттеулерді өзара қолдау, әлемді киіз үйлермен және көшпенділер мәдениетінің дәстүрлерімен бірлесіп таныстыру;

- Моңғол тарапы Түркі академиясымен ғылыми мекеме деңгейінде қарым-қатынас орнатуға және ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытқандықтан, Тараптар тарихи зерттеулер саласында өзара әрекеттесу мүмкіндігін атап өтті;

- Тараптар ақпараттық технологиялар, электронды үкімет, ғарыш технологиялары, цифрлық даму және коммуникациялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді құптады. Тараптар электрондық инфрақұрылым, электронды үкімет және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, әртүрлі салаларды дамытуды қолдау, ақпараттық инфрақұрылым қызметін оңтайландыру және озық технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру жөнінде ынтымақтасу туралы келісті.

- Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Моңғолияның Цифрлық даму және коммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды құптады;

- Тараптар Қазақстан Республикасы мен Моңғолияны көшпенділердің тарихы, мұрасы, дәстүрі мен әдет-ғұрыптары ежелден тығыз байланыстыратынын атап өтті. Екі ел бірлескен мәдени бағдарламаларды іске асырады, дереккөздерді, сондай-ақ қазақ және моңғол тарихы мен мәдениетінің бірегей мұраларына қатысты фактілер мен ескерткіштерді зерттейді, қазақтану мен моңғолтануды дамытады, материалдық емес мәдени мұра саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру бойынша ынтымақтасады және музейлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтеді;

- Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында мәдениет министрліктері мен тиісті мекемелер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға, бірлескен жұмыс топтарын, балалар мен жастар үшін алмасу бағдарламаларын құруға, сондай-ақ спорт, мәдениет және шығармашылық салаларына белсенді түрде қолдау көрсетеді;

- Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптады;

- Тараптар екі ел ғалымдары Моңғолияның Бұлғын, Арханғай және Хэнтий аймақтарында жүргізген археологиялық қазба жұмыстарын, сондай-ақ Орталық Азия көшпенділерінің өмірін, мәдениеті мен дінін баяндайтын құнды ескерткіштердің табылуын құптады. Болашақта Тараптар ұзақ мерзімді және тұрақты негізде белгілі бір тақырып аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдады.

Төртінші. Көлік, логистика, туризм және адамдар арасындағы алмасу

Сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту аясында Тараптар әуе қатынасын жандандырып, Астана мен Ұлан-Батыр арасында тікелей әуе қатынасын орнатуға келісті. Сондай-ақ Тараптар кезең-кезеңімен жаңа көлік және логистика бағыттарын құруды, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді, адамдар арасындағы алмасуды жандандыруды және екі ел халқы арасындағы берік байланысты келесідей шаралар арқылы қолдауды көздеп отыр:

- Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сауда, экономика, туризм және адамдар арасындағы алмасуды дамытуда маңызды рөл атқаратын тікелей әуе және автомобиль тасымалын қоса алғанда, жол-көлік қатынасының кеңеюін жоғары бағалайды;

- Өңір елдерімен диалог арқылы екі елдің теміржол, автомобиль және әуе көлігі саласындағы мәселелер мен кедергілерді жоюдың шешімдері мен мүмкіндіктерін іздеуді жалғастыру туралы шешім қабылдады;

- Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Моңғолияның Жол және көлікті дамыту министрлігі автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандумға қол қоюды құптады;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды құптады;

- Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) қоса алғанда, өңір ішінде және одан тыс жерлерде байланысты нығайту мақсатында ынтымақтастықты дамытуға келісті;

- Екі ел арасындағы тұрақты тікелей әуе рейстерінің жиілігін арттыру мақсатында Тараптар Астана және Ұлан-Батыр қалалары арасында тікелей әуе қатынасын ұйымдастыру мүмкіндігін зерттеу бойынша ынтымақтасады;

- Екі елдің екіжақты ынтымақтастығында туризм секторының маңызды рөл атқаратынын мойындай отырып, туристік ұйымдар мен агенттіктер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын, туристік іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыратын, көшпенділердің мәдениеті мен әдет-ғұрпына негізделген туризмді дамытуға жәрдемдесетін және қолдау көрсететін болады;

- Туризм саласына инвестиция көлемін ұлғайтып, туризм инфрақұрылымы мен объектілерін дамыту бойынша ынтымақтасуға келісті;

- Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды құптады;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды құптады.

Бесінші. Өңірлік және халықаралық алаңдағы ынтымақтастық

Екі мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимылды тереңдетуге келісті. Атап айтқанда:

- Қазақстан Республикасы мен Моңғолия Біріккен Ұлттар Ұйымы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі және басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ынтымақтасады және халықаралық ұйымдарға сайлау кезінде бір-бірінің қолдауын жоғары бағалайды;

- Екі ел халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұқсас ұстанымдарды ұстанады және Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы бастамаларға өзара қолдау көрсетуді жалғастырады;

- Тараптар климаттың өзгеруіне қарсы күрес, шөлейттену мәселесін шешу және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жаһандық күш-жігерге белсенді үлес қосуға өз міндеттемелерін білдірді. Қазақстан тарапы 2026 жылы Моңғолияда өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қатысушылардың алдағы 17-ші конференциясына жоғары деңгейде қатысатынын растады. Моңғолия 2026 жылы Қазақстанда өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік климаттық саммитіне жоғары деңгейде қатысатынын мәлімдеді;

- Екі ел көміртегі бейтараптығы/таза нөл ортақ мақсатына әртүрлі жолдармен жету қажеттілігі туралы келісті. Осыған байланысты екі Тарап энергетика саласында жеке сектордың ынтымақтастық жобаларын жүзеге асырудағы ілгерілеушілікті құптады;

- Қазақстан Республикасы Моңғолияның «Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік бойынша Ұлан-Батыр диалогы» бастамасын қолдады және осы бастама аясында белсенді ынтымақтастықты жалғастыратынын растады. Тараптар екі елдің өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша күш-жігерін үйлестіруге және болашақта ынтымақтастықты кеңейтуге келісті;

- Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібін жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті және кедейлікті жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климаттың өзгеруінің салдарын азайту және тұрақты дамуды қолдау сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бейілділіктерін білдірді;

- Климаттың өзгеруі, шөлейттену, жердің деградациясына қарсы күресті және орман өсіруді ілгерілету үшін Тараптар Қазақстан Республикасының Президенті бастама жасаған «Екі миллиард ағаш» ұлттық бағдарламасын және Моңғолия Президенті бастама жасаған «Бір миллиард ағаш» ұлттық қозғалысын жүзеге асыруды үйлестіруге келісті;

- Моңғолияның бастамасымен ашылған Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер үшін халықаралық талдау орталығын құру туралы көпжақты келісім аясындағы өзара іс-қимылды жоғары бағалады;

- Моңғол тарапы Қазақстанның арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін (БҚХА) құру туралы бастамасын жоғары бағалайды;

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтеруге ықпал еткен және екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа тарихи парағын ашқан ерекше маңызы бар оқиға болды.

Президент Қ. Тоқаев Президент У. Хурэлсухқа және Моңғолия халқына жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, Президент У. Хурэлсухты өзіне қолайлы уақытта Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

 

 

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің