National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәмим бен Хамад Әл Тәни БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

2022 жылғы 12 қазан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг  өткізді.

Президент келіссөздерге мәнді де, мағыналы пікір алмасу болды деп баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30  жыл ішінде екі елдің ынтымақтастығы нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар,  сондай-ақ  жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы іс-әрекеттер дамып келе жатқанын атап өтті.

–Жалпы, Қатар – біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Себебі Доха біздің әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларымызға алғашқылардың бірі болып  қолдау көрсетті. Мен мұны  бүгін  шейх Тәмимнің өзіне де айттым. Оның  екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Халқымыздың атынан ризашылық білдірдім, – деді  Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, бүгінгі келіссөздер нәтижесінде  тараптар  маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімге келген.

– Қазақстан мен Қатар екіжақты қарым-қатынастағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударады. Алайда коронавирус індеті  және геосаяси ахуал әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Сол себепті соңғы жылдары  сауда-саттығымыз бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз – елдеріміз арасындағы тауар айналымын жандандыру. Бұған  қолайлы жағдай жасалды,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі уақытта Қатардың бірнеше компаниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың өнімі бірқатар мемлекетке экспортталады. Сонымен қатар  тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға уағдаласты. Осыған орай бүгін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Мемлекет басшысы бұл келісімдердің қазақ-қатар қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімді екенін жеткізді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің