National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Стэнфорд университетінің профессоры Фрэнсис Фукуямамен кездесу өткізді

2021 жылғы 10 наурыз

Мемлекет басшысы халықаралық қатынастар саласындағы белгілі америкалық сарапшы, Стэнфорд университетінің профессоры Фрэнсис Фукуямамен бейне байланыс арқылы кездесу өткізді.

Тараптар әлемдік дамудың заманауи үрдістерін және коронавирустан кейінгі кезеңде геосаясат тәртібін жаңғыртудың келешегін талқылады.

Сондай-ақ COVID-19 пандемиясынан жинақталған тәжірибені ескере отырып, әлемдік экономиканың технологиялық тәртібін өзгертудің негізгі факторлары және халықаралық байланыстардың өзгеруін өзектендіру мәселелері талқыланды.

Президент америкалық ғалымға Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, еліміздің сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтары, соның ішінде, Орталық Азия аймағына қатысты ұстанымдары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев әңгімелесу соңында  эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін Фрэнсис Фукуяманы Қазақстанға келуге шақырды. Профессор өз кезегінде Мемлекет басшысына кездесу үшін алғыс білдіріп, болашақта халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша өзара табысты ынтымақтастық орнататынына сенім білдірді.

 

***

Анықтама: Фрэнсис Фукуяма – политологияның құрметті профессоры, Мосбахер институтының Демократия, даму және құқық үстемдігі мәселелері орталығының директоры, Стэнфорд университетінің Ф.Спольи атындағы Халықаралық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері. Бірқатар іргелі зерттеу жұмыстары топтамасының және әлемнің жетекші басылымдарында жарияланған ғылыми мақалалардың авторы. Сондай-ақ беделді Foreign Policy журналы оны бірнеше рет Әлемнің үздік 100 ойшылының тізіміне енгізген.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің