Комиссия «Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, А. Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 993 Жарлығымен ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы жетістіктері үшін мемлекеттік сыйлық беру жүйесін жетілдіру мақсатында құрылды.
Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы және Қазақстан Республикасының А. Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығы (бұдан әрi – Мемлекеттiк сыйлықтар) ғылым мен техника қайраткерлерiнiң еңбегiн қоғам мен мемлекет алдында жоғары тану болып табылады.
Мемлекеттік сыйлықтар екі жылда бір рет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
– ұлттық және/немесе халықаралық деңгейде әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуға ықпал еткен ғылыми жаңалықтары;
– білімнің жаңа салаларын және/немесе білімнің бір саласында жаңа бағытты ашқан монографиялар мен ғылыми жұмыстары;
– мемлекеттік саясатта өзгерістерді қамтамасыз еткен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелері;
– техниканың, материалдар мен технологиялардың экономикалық және (немесе) әлеуметтік әсерді қамтамасыз еткен жаңа түрлерін әзірлегені және өндірісін ұйымдастырғаны, оларды жүргізілген зерттеулер негізінде экономиканың әртүрлі салаларына енгізгені;
– экономиканың түрлі салаларында мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтер қамтылатын түбегейлі жаңа бұйымдарды, технологиялық процестерді әзірлегені және жасағаны;
– ғылыми білімдерді коммерциялық өнімдерге, экономикалық және әлеуметтік артықшылықтары бар процестерге немесе көрсетілетін қызметтерге инновациялық түрлендіргені;
– басым әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуді және ішкі және сыртқы нарықтарда Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз еткен технологияларды өндіріске енгізу бойынша инновациялық қызметтің расталған нәтижелері үшін беріледі.
Мемлекеттік сыйлықтарды Қазақстан Республикасының Президенті салтанатты жағдайда тапсырады.
Мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылған жұмыстарды Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника және А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлықтарын беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) қарайды.
Комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және Мемлекеттiк сыйлығын алуға ұсынылатын жұмыстарды қарау және iрiктеу мақсатында құрылады.
Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Комиссияны Қазақстан Республикасының Вице-Президенті басқарады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
Жұмыс органы Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарға сарапшылық-талдамалық бағалау жүргізу үшін ғылым бағыттары бойынша секциялар құрады.
Комиссияның төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына және ережесіне сәйкес оның жұмысын ұйымдастырады және Комиссия мүшелерiнiң қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз етедi.
Комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Комиссияның қарауына ұсынады.
Комиссияның отырыстары оның төраға бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі. Жоспардан тыс отырыстар Комиссия төрағасының шешімі мүшелерінің жалпы санының үштен екісі болған жағдайда заңды болады. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді.
Комиссияның соңғы шешімі отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері санының қарапайым көпшілік жасырын дауыс беруімен қабылданады.
Комиссия мүшелері Мемлекеттік сыйлық беру туралы оң шешім қабылдайтын жұмыстың саны үштен аспауға тиіс.
Комиссияның жұмыс органы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
– Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылатын жұмыстарды ресімдеуге қойылатын жалпы талаптарды белгілейді;
– Мемлекеттік сыйлық берілетін жылы мемлекеттік сыйлық алуға жұмыстарды қабылдау туралы хабарландыруды және оларды ресімдеу жөніндегі талаптарды Комиссия атынан ресми интернет-ресурстарында жариялайды;
– Мемлекеттік сыйлық алуға үміткерлерден жұмыстарды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады;
– Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстар бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуді ұйымдастырады;
– Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың екі теріс қорытындысын алған жұмыстарды одан әрі қарауға ұсынбайды;
– Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарды сараптамалық-талдамалық бағалау жүргізу үшін ғылымның бағыттары бойынша секцияларға енгізеді;
– мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысын ескере отырып, өзінің нақты шығармашылық үлесі бойынша ізденушінің мәлімделген авторлыққа (тең авторлыққа) сәйкестігін анықтай отырып, Мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылған жұмыстарды алдын ала іріктеуді жүзеге асырады;
– мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар жұмыстардан басқа, алдын ала іріктеуден өткен жұмыстардың тізімін авторлары мен осы жұмыстарды ұсынған ұйымдарды көрсете отырып, кеңінен талқылау мақсатында ресми интернет-ресурстарында жариялайды;
– Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарға келіп түскен пікірлерге талдау жүргізеді;
– жұмыс және ізденушілер туралы мәліметтері, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың және секцияның қорытындылары, пікірлер туралы ақпараты бар жиынтық анықтама дайындайды;
– Комиссияның отырысынан алдын ала іріктеуден өткен жұмыстарды, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың және секцияның қорытындыларын оның қарауына енгізеді, Комиссия мүшелеріне материалдарды жібереді;
– Комиссияның ұсынылған жұмыстарды қарауының қорытындылары бойынша белгіленген тәртіппен Мемлекеттік сыйлық беру туралы Қазақстан Республикасы Президенті актісінің тиісті жобасын әзірлейді;
– Мемлекеттік сыйлық лауреаттарының дипломдарын ресімдеуді және төсбелгілерін дайындауды, лауреаттарға Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай сыйақысын төлеуді қамтамасыз етеді.
Комиссияның қызметін тоқтату туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.