National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Құқықтық актiлер


Жарлықтар

Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы

2019 жылғы 27 тамыз

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) құрылсын.

2. Қоса беріліп отырған:

1) Ұлттық комиссия туралы ереже;

2) Ұлттық комиссияның құрамы;

3) Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

  Президенті                                                                                       Қ.Тоқаев

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы  27 тамыз

 №141

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің

2019 жылғы  27 тамыздағы

№  141  Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия туралы

ЕРЕЖЕ

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан әрі – Резерв) қалыптастыру мақсатында құрылады.

2. Ұлттық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы ережені басшылыққа алады.

 

2. Ұлттық комиссияның міндеттері

 

3. Ұлттық комиссияның міндеттері:

1) Резервті қалыптастыру бойынша жұмысты жалпы үйлестіру;

2) Резервке алу туралы мәселелерді шешу;

3) Резервті қалыптастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ету болып табылады.

 

 

3. Ұлттық комиссияның функциялары

 

4. Ұлттық комиссияға міндеттеріне сәйкес мынадай функциялар жүктеледі:

1) Резервке алуға ұсынылған кандидаттарды қарау;

2) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан ақпарат сұрату және алу;

3) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау.

 

 

4. Ұлттық комиссияның құқықтары

 

5. Ұлттық комиссия өз міндеттеріне сәйкес мынадай құқықтарға ие:

1) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді қарауға мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары мен мамандарын тарту;

2) Ұлттық комиссияның отырысына Ұлттық комиссияның мүшелері болып табылмайтын лауазымды және өзге де адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыру.

 

 

5. Ұлттық комиссияның құрамы және қызметін ұйымдастыру

 

6. Ұлттық комиссия төрағадан, оның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады.

7. Ұлттық комиссияның төрағасы:

1) Ұлттық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Ұлттық комиссияның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

3) Ұлттық комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

4) Ұлттық комиссияның мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді.

8. Ұлттық комиссияның төрағасы болмаған уақытта, сондай-ақ оның тапсырмасы бойынша оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары орындай алады.

9. Ұлттық комиссияның отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі.

10. Ұлттық комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруі өткізілуі мүмкін.

Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі Ұлттық комиссия мүшелеріне материалдар жіберілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауы тиіс.

Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Ұлттық комиссия мүшелері өз пікірлерін Ұлттық комиссияның жұмыс органына жазбаша түрде жолдайды.

Көрсетілген мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда Ұлттық комиссия мүшесі шешім жобасын қабылдауға дауыс берді деп саналады.

11. Ұлттық комиссияның отырысы немесе сырттай дауыс беру оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқан немесе сырттай дауыс беруге қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Ұлттық комиссияның мүшелері отырыстарға және сырттай дауыс беруге ауысу құқығынсыз қатысады.

12. Ұлттық комиссияның шешімдері Ұлттық комиссия отырысына қатысушы немесе сырттай дауыс беруге қатысушы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен ашық дауыс беру немесе сырттай дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

13. Ұлттық комиссияның шешімдері, оған Ұлттық комиссияның төрағасы және хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

Ұлттық комиссияның шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі және Ұлттық комиссия белгілеген мерзімде міндетті түрде қаралуға тиіс.

14. Ұлттық комиссияның хатшысы Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болып табылады.

15. Ұлттық комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімі болып табылады.

Ұлттық комиссияның қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің

           2019 жылғы 27 тамыздағы

№  141  Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның

ҚҰРАМЫ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы, комиссия төрағасы

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, комиссия төрағасының орынбасары

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының өңірлік саясат мәселелеріне жетекшілік етуші орынбасары, комиссия мүшесі

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, комиссия мүшесі

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, комиссияның хатшысы

 

___________________

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің

          2019 жылғы 27 тамыздағы

№  141     Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

 

Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру

ҚАҒИДАЛАРЫ

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1. Осы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан әрі – Резерв) қалыптастыру тәртібін айқындайды.

2. Резервке іріктеуді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) жүзеге асырады.

3. Резервке отыз бес жастан аспаған, жоғарғы білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы алынуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған мемлекеттік қызметшілер резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.

4. Резервке алынған адамдар мынадай лауазымдар топтарына орналаса алады:

салалық лауазымдардың тобы:

Қазақстан Республикасының министрлері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары;

орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;

ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары және мүшелері.

Салалық лауазымдардың тобы қызметтің мынадай бағыттарын қамтиды:

экономикалық және қаржылық саясат;

әлеуметтік саясат;

инфрақұрылымды және сервистік салаларды, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғауды дамыту;

сыртқы және ішкі саясат;

құқықтық саясат;

өңірлік лауазымдардың тобы:

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері;

облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері;

басқарушылық лауазымдардың тобы:

орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы;

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – Аппарат басшысы;

жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдар аппараттарының басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының басшылары.

Осы тармақта аталған лауазымдарға тағайындаулар Резервке алынған адамдардың қатарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзге де адамдардың қатарынан жүзеге асырыла алады.

5. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылатын құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда басшы лауазымдарға орналасу мәселелерін реттемейді.

 

2-тарау. Резервке іріктеу

 

6. Резервке іріктеу бірқатар дәйекті кезеңдерді қамтиды:

1) Резервке іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;

2) кандидаттардың құжаттарын қабылдау;

3) кандидаттардың теориялық білімін тестілеу (бұдан әрі – тестілеу);

4) кандидаттардың көшбасшылық қасиеттерін, сыни ойлауын, стратегиялық көзқарасын, мотивациясы мен құндылықтарын бағалау (эссе жазу, жобаларды таныстыру, интервьюден өту және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын бағалаудың басқа құралдары) (бұдан әрі – бағалау кезеңі);

5) Резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда (бұдан әрі – Сарапшылық комиссия) кандидаттармен әңгімелесу;

6) Сарапшылық комиссия Резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау.

Резервке іріктеудің кезеңдері ақпараттық жүйелер қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін.

Резервке іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін Ұлттық комиссия айқындайды.

7. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа ресурстарда жарияланады.

Хабарландыру осы Қағидаларда айқындалған Резервке іріктеудің тәртібі туралы ақпаратты, құжаттарды тапсыру мерзімін қамтиды.

8. Іріктеуге қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) білім туралы құжаттың көшірмесі;

3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі.

Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде оның дербес деректері, білімі мен жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер, Резервке алынған жағдайда кандидат үміттенетін лауазымдар тобы, осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес салалық бағыт көрсетіледі.

Құжаттарға мына адамдардың біреуінен ұсынымхат қоса беріледі:

кандидат жұмыс істейтін немесе жұмыс істеген ұйымның басшысынан;

ұлттық компанияның, ұлттық холдингтің, ұлттық даму институтының басқарма төрағасынан немесе оның орынбасарынан;

мемлекеттік саяси қызметшіден;

орталық атқарушы органның жауапты хатшысынан, орталық немесе жергілікті мемлекеттік органның аппарат басшысынан ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Сенатының, Мәжілісінің депутатынан, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихат хатшысынан ұсынылады.

Ұсынымхат ұйымның немесе лауазымды адамның ресми бланкісінде:

қол қойылған күні, кандидаттың тегі, аты және жөні;

оның кәсіби және жеке қасиеттері айқындалған мінездемелер;

кандидатпен ынтымақтастықтың ұзақтығы мен жағдайлары көрсетіле отырып ресімделеді.

Құжаттарды тапсырған кезде кандидат Резервке іріктеуден өтудің тәртібімен танысады, сондай-ақ іріктеудің шарттарын қатаң сақтау және өзі көрсеткен мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз ету бойынша өзіне міндеттеме алады.

9. Тестілеуге осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген талаптарға сай келетін кандидаттар жіберіледі.

Тестілеудің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижелерді жинаған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.

Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберілетін, ең жоғарғы нәтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.

Бірнеше кандидатта тестілеу нәтижелері бірдей болған кезде іріктеудің келесі кезеңіне осы тармақтың үшінші бөлігіне сәйкес анықталған санынан асатын кандидаттардың санының өтуіне жол беріледі.

Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидат өтінім берген кезде ұсынған мәліметтер мен құжаттарға бағалау кезеңінің алдында тексеру жүргізіледі.

10. Бағалау кезеңінде кандидаттарды бағалау үшін уәкілетті орган салалық  топтарды құрады.

Шешімдерді қабылдаудың айқындығын қамтамасыз ету үшін барлық кандидаттарды бағалау кезеңінде қоғамдастықтың өкілдері тартылуы мүмкін.

Бағалау кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғарғы нәтижелер алған кандидаттар Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге  жіберіледі.

Сарапшылық кеңесте әңгімелесуге өткізілетін, ең жоғарғы нәтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.

Бірнеше кандидатта бағалау кезеңінің қорытындысы бойынша бірдей нәтижелер болған жағдайда іріктеудің келесі кезеңіне осы тармақтың төртінші бөлігіне сәйкес анықталған санынан асатын кандидаттардың саны өтуі мүмкін.

11. Сарапшылық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі айқындайды.

Сарапшылық комиссияның отырысына дайындалу барысында кандидаттар туралы мәліметтерді, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мәліметтерді, сондай-ақ кандидаттардың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкестігін Ұлттық комиссияның жұмыс органы немесе уәкілетті орган қарайды.

Әңгімелесудің қорытындысы бойынша іріктеудің алдыңғы кезеңдерінің нәтижелерін ескерумен Сарапшылық комиссия ашық дауыс беру арқылы Резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасайды және Ұлттық комиссияның қарауына жолдайды.

12. Іріктеуге қатысуға бас тартудың негізі мыналар болып табылады:

1) кандидаттың көрiнеу жалған мәліметті және құжаттарды беруі;

2) кандидаттардың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес еместігі.

13. Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен жасақталады.

Ұлттық комиссия кандидаттарды бес жыл мерзімге Резервке алу туралы шешім шығарады.

14. Ұлттық комиссияның шешіміне сәйкес Резервке алынған адамдар бөлінген қаражат шегінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымының білім беру бағдарламалары бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өте алады.

_______________________

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің