Қытай Төрағасы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында Қытай үкіметінің, халқының және жеке өз атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және достас Қазақстан халқына шынайы құттықтауы мен ізгі тілегін жолдады. – Қытай мен Қазақстан – тату көршілер және мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестер. Дипломатиялық байланыстар орнаған 30 жыл ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар нығая түсті. Өзара сенімге негізделген ынтымақтастық үздіксіз тереңдеп келеді. Сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп жүзеге асыру барысында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Қытай тарапы Қазақстанның даму жолын дәйекті түрде қолдайды және алдағы уақытта зор табыстарға жетуіне, халықаралық аренада және аймақтық мәселелерде үлкен рөл атқара беруіне шын жүректен тілектестігін білдіреді, – делінген құттықтау жеделхатта. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың дамуына ерекше мән беретінін, дипломатиялық байланыстардың 30 жылдық мерейтойы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге өзара дәстүрлі достықты нығайтуға, мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарды екі ел халықтарының игілігі үшін жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізді.