Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 25 қаңтардағы № 115 Жарлығымен құрылды (бұдан әрі – Ұлттық кеңес).
Кеңестің негізгі міндеттері:
- ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын айқындау, оны қалыптастыру және іске асыру, оның ішінде Қазақстан Республикасында жұмыс істеп тұрған ғылым академияларының қызметін дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
- ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін талдау;
- мемлекеттің ғылым және ғылыми-техникалық қызметке қатысты саясатының өзге де маңызды мәселелерін талқылау.
Негізгі міндеттерді іске асыру үшін Кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды;
2) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды және талқылайды, ғылым мен техника мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің ресми құжаттарын дайындауға қатысады;
3) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қозғайтын мәселелерді талқылауға мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тартады;
4) белгіленген тәртіппен мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасайды;
5) ғылым мен техника мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.
Ұлттық кеңес ғылым мен технологияларды дамыту жөніндегі стратегиялық тәсілдерді әзірлеу үшін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Кеңес төрағадан, төрағаның орынбасарынан, хатшыдан және Кеңес мүшелерінен тұрады, олар оның жұмысына қоғамдық негізде қатысады.
Кеңестің құрамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ғалымдар қатарынан үш жыл мерзімге қалыптастырылады.
Кеңес төрағасы:
1) Кеңеске жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның отырыстарына төрағалық етеді;
2) Кеңес мүшелері арасында тапсырмаларды бөледі;
3) Кеңес отырысының күн тәртібін айқындайды және хаттамаларына қол қояды;
4) Кеңес мүшелерінің оның қызметін жетілдіру және Кеңестің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарын қарайды;
5) нормативтік құқықтық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларында және осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Кеңес хатшысы:
1) Кеңес отырыстарына материалдарды дайындауды жүзеге асырады, отырыстардың күн тәртібінің жобасын төрағаның қарауына енгізеді;
2) қорытынды талап ететін материалдарды Кеңестің сараптамалық тобына немесе тиісті мемлекеттік органдарға жібереді;
3) Кеңес мүшелеріне кезекті отырыстың өткізілетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды қажетті материалдармен қамтамасыз етеді;
4) Кеңес отырыстары хаттамаларынан үзінді көшірмелерді өзінің қолымен куәландырады;
5) Кеңес туралы Ережеге сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі болып табылады.
Кеңестің жұмыс органы:
1) Кеңес жұмысының ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;
2) жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардан сұратады және алады;
3) Кеңес қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Кеңестің отырыстарын оның төрағасы қажетіне қарай шақырады.
Егер отырысқа оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысса, Кеңес отырысы заңды деп есептеледі.
Кеңестің шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелердің кемінде үштен екісінің даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Төрағаның шешімі бойынша Кеңес отырыстарына Кеңес құрамына кірмейтін Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар және тәуелсіз сарапшылар шақырылуы мүмкін. Отырыстарға шақырылған адамдар дауыс беруге қатыспайды.
Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады. Кеңестің шешімдері төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
Кеңестің өз өкілеттіктері шегінде қабылдаған шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі.