Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар қоғам қайраткері еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін мемлекеттік наградалар иеленді.
Республика күні қарсаңында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бірқатар мүшесіне мемлекеттік марапат тапсырды.
Атап айтқанда, еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Ислам Байрамуковке ІІІ дәрежелі Барыс ордені табыс етілді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері: медицина ғылымдарының докторы, «Республикалық медицина палатасы» ҚБ басқармасының төрағасы Мақсұт Құлжанов, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Қылышбай Бисенов, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәуле Досжанова, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева «Парасат» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев пен Қазақстан Мүгедектер конфедерациясының төрағасы Жанат Омарбекова, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Бас хатшысы Әлия Байсабаева, Дүниежүзілік мұра жөніндегі ұлттық комитеттің мүшесі Элина Мальцева, Материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Мұзафаров, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы «Адам және Биосфера» бағдарламасы ұлттық комитетінің төрағасы Роман Ященко, архитектор-реставратор, «RUTRUM» ЖШС-нің аға ғылыми қызметкері Людмила Дубровская «Құрмет» орденінің иегерлері атанды.
«Ерен еңбегi үшiн» медалі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Наумоваға және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқармасының төрағасы Әділ Құсмановқа берілді.
Ерлан Қарин марапат иелерінің еселі еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші марапат иелерін еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен құттықтады.