National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Жаңалықтар

Қазақстанның ДСҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясына төрағалығы сәтті аяқталды

2022 жылғы 17 маусымда Қазақстанның төрағалығымен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясы өтті. Жиын қорытындысы бойынша халықаралық сауда саласында аса маңызды шешімдер топтамасы қабылданды. Осы ретте бірқатар келісімдер бойынша келіссөздер ондаған жылға созылды.

ДСҰ-ға бар-жоғы жеті жыл бұрын ғана кірген Қазақстан – Министрлер конференциясына төрағалық еткен ең жас ел. ДСҰ-ның жоғары басқарушы органын Ұйымға осы институт құрылғаннан кейін кірген және теңізге шығатын жолы жоқ Еуразия аймағының елі тарихта алғаш рет басқарды.

Қазақстанның табысты төрағалық етуіне жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар ықпал етті. Жиын барысында 12-конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер мен оны дайындауға көбірек көңіл бөлінді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен жүргізген келіссөз барысында Қазақстанның ДСҰ аясындағы ынтымақтастығының стратегиялық маңызын және еліміздің ДСҰ келіссөздер күн тәртібіндегі шешілмеген барлық мәселені реттеуге сындарлы үлес қосуға әзір екенін бірнеше рет атап өтті.

 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов аталған 12-конференцияға төраға болды.

ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстанның төрағалығына жоғары баға беріп, Конференцияға дайындық аясындағы жемісті ынтымақтастығы, сондай-ақ коронавирус пандемиясына байланысты осы жаһандық іс-шараны Нұр-Сұлтаннан Женеваға ауыстыруды қоса алғанда, түрлі сын-қатерлерді еңсерудегі шеберлігі мен ептілігі үшін еліміздің басшылығы мен Үкіметіне ризашылығын білдірді.

Конференция қорытындысы бойынша ДСҰ-ға мүше 164 елдің сауда министрлері заңсыз, хабарланбайтын және реттелмейтін балық кәсіпшілігіне ықпал ететін субсидияларға тыйым салу туралы тарихи келісімді қабылдады. Бұл келісім азық-түлік қауіпсіздігі мен жұмыс орындары тұрғысынан балық аулауға тәуелді қоғамдастықтар үшін тіршілік ету құралын сақтау мақсатында балықты шамадан тыс аулауды шектеуге бағытталған.

ДСҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясында қабылданған қауіпсіз әрі тиімді вакциналарды өндіру, дамушы және нашар дамыған елдерге вакциналар беруді кеңейту жөніндегі зияткерлік меншік құқықтарын шектеу мүмкіндігі туралы шешім COVID-19 пандемиясының алдын алу, оны емдеу немесе таралуын тежеу үшін үлкен маңызға ие.

Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты кедей елдердің халқын тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету үшін БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аясында көрсетілетін азық-түлік көмегін экспорттық тыйымдардан немесе шектеулерден шығарып алу туралы шешім қабылданды.

Министрлер көрсетілетін цифрлық қызметтер мен өнімдерді, әсіресе пандемия және экономиканы қалпына келтіру кезеңінде дамытудың маңыздылығын мойындай отырып, Электрондық сауда жөніндегі жұмыс бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға және электрондық транзакциялар кезінде кедендік баждарды алу мораторийін ДСҰ-ның келесі министрлік конференциясына дейін ұзартуға келісті. Бұл шешім бизнес пен тұтынушылар үшін айқындылық пен болжамдылықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ цифрлық экономиканы дамытудың артықшылықтарын көрсетуге септігін тигізеді.

ДСҰ Бас директоры министрлердің 12-конференциясында сөйлеген қорытынды сөзінде сауда қазіргі дағдарыстарды шешудің бір бөлігі екенін және қол жеткізілген келісімдер топтамасы ДСҰ-ға мүше елдердің геосаяси жарылыстарды еңсеру, әлем қоғамдастығының проблемаларына ден қою, экологиялық проблемаларды шешу және ауқымды әлеуметтік-экономикалық интеграцияға жәрдемдесу үшін бірігуге қабілетті екенін көрсеткенін атап өтті.

Бұрын-соңды болмаған шешімдер саны ДСҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясының ерекшелігі болып табылады. Бұл ДСҰ-ның халықаралық сауда қағидаларын әзірлеу және реттеу жөніндегі жалғыз көпжақты алаң болып қала беретінін, сондай-ақ аса өзекті жаһандық проблемаларды шешуде маңызды рөл атқаратынын білдіреді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару