National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмунх Батцэцэгті қабылдады

2021 жылғы 13 қазан

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмунх Батцэцэгті қабылдады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қарқынды дамып келе жатқан қазақ-моңғол қарым-қатынастарына тоқталды.

– Моңғолия – біздің сенімді әрі стратегиялық серіктесіміз. Мемлекеттерімізді ортақ тарихымыз біріктіреді. Моңғол халқына, Сіздің мемлекетіңізге деген құрметіміз ерекше. Сіздер біздің халықаралық бастамаларымызға түсіністік танытып, үнемі қолдау көрсетесіздер. Сондай-ақ халықаралық алаңдарда бірге белсенді жұмыс істеп келеміз. Осы ынтымақтастығымызды одан әрі арттырып, іс жүзінде нығайта беруіміз қажет деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сауда-экономикалық ықпалдастыққа қатысты. Біз көлік логистикасы саласын пысықтай түсуіміз керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қалыптасқан екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша пайдалануға шақырды.

– Осы сәтті пайдалана отырып, этникалық қазақтарға көрсетіліп отырған құрметі пен қамқорлығы үшін Сіздің елдің басшылығына және моңғол халқына ризашылығымды білдіремін. Моңғолия қазақтарының тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтау мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп үміттенемін. Бұл – Сіздің мемлекетіңіз жүргізіп отырған ұлттық саясаттың нәтижесі.  Мұны зор ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Моңғолия Сыртқы саясат ведомствосының басшысы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың сәлемін жеткізді.

– Президентіміздің шынайы сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Моңғолия мен Қазақстанды жақын көрші елдер деп айтуға болады. Қазақстан Республикасымен арадағы байланыстарды дамыту ісі Моңғолияның сыртқы саясатында маңызды орын алады. Біз бұл қатынастарды жандандырғымыз келеді. Келесі жылы елдеріміз арасында орнаған дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз, – деді Батмунх Батцэцэг.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты елімізге ресми сапармен келуге шақыратынын айтты. Мемлекет басшысы аталған ресми сапар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін береді деп санайды.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің