Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен және Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен бірге Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ресми ашылу шарасына қатысты. Президенттер Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайының коллекциясы қойылған «Ықылым мұрасы» көрмесімен танысты. Содан соң қырғызстандық өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Концерт бағдарламасы аясында «Манас» эпосынан үзінді оқылып, халық ақыны Тоқтоғұл Сатылғановтың санаттары (дидактикалық өлеңдері) орындалды. Сондай-ақ халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан үзінділер қойылды. Сонымен қатар қазақ және қырғыз халықтарының бауырластығын дәріптеу мақсатында қырғыз өнерпаздары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғаларымыздың бейнесін сомдап, екі халыққа кең тараған ән-күйлерді орындады.