National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан мен Түрікменстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

2022 жылғы 15 қазан

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түрікменстан Президенті ретінде Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келгені үшін Сердар Бердімұхамедовке шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Түрікменстан  біз үшін салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі мен діні ұқсас бауырлас ұлт әрі сенімді серіктес екенін атап өтті.

– Біз  – түбі бір түркі халықтарымыз. Әрдайым  бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Осындай құндылықтар – ең басты байлығымыз. Сондықтан бауырластық қарым-қатынасты нығайту – ортақ парызымыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгін Сердар Бердімұхамедовпен екі  елдің  мүддесіне  сай келетін аса маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқанын мәлімдеді. Сондай-ақ кездесу нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар құжаттарға қол қойылды.

 – Мен бүгінгі келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалаймын. Бүгін біз  қазақ-түрікмен қарым-қатынасының стратегиялық маңызын тағы да нақтыладық. Екі тарап та бауырлас халықтарды одан әрі жақындатуға талпыныстарын білдірді. Біз достық ниеттегі әрі өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастығымызды одан әрі күшейтудің  басымдықтарын анықтадық. Сауда-экономикалық серіктестікке айрықша назар аударылды. Бірлескен шаралардың арқасында былтыр екіжақты тауар айналымы  екі есе өсіп, 250 миллион доллардан асты. Бұл бағыттағы оң динамика биыл да сақталды. Жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2 есе өсті. Екі елдің үкіметтері мен іскерлік топтары арасында байланыс жандана түсті. Экономиканың әртүрлі саласындағы бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр,  – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейте түсуге мүмкіндік мол. Мәселен, Қазақстан Түрікменстанға шығаратын экспортын 80 тауар түріне дейін ұлғайта алады.

– Біздің мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін алдағы жылдары 500 миллион долларға дейін арттыру, ал келешекте миллиард долларға жеткізу. Бұл  үшін Тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмыс тобының қызметін жандандыруға тапсырма бердік.  Екі елдің үкіметтері біздің тапсырмамыз бойынша осы мүмкіндіктерді қарастырады, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы  келіссөз барысында газ саласындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту  мәселесі кеңінен талқыланғанын айтты.

– «QazaqGaz» және «Түрікменгаз» компаниялары түрікмен газын импорттау жөнінде келісімге қол қойды. Бұл жобаға жеке қолдау көрсеткені үшін Түрікменстан Президентіне алғыс айтамын. Біз ұзақ мерзімді келісім жасауға, газ импортын жылына мың жарым миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға мүдделіміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Түрікменстанның  ірі энергетикалық бастамаларын жүзеге асыру ісіне қатысуға, сондай-ақ газ өңдеу және газ химиясы саласында тәжірибе алмасып, өзара тиімді жобаларды дамытуға дайын. Бұдан бөлек, Қазақстан бидайын түрікмен нарығына экспорттау және түрікмен-ауған шекарасында бидай терминалын салу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар  Президент келіссөздер барысында көлік-транзит  саласындағы ынтымақтастықты дамытуға  айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

– Біз «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын толық қуатта іске қосу бойынша  бірлескен шаралар қабылдау жөнінде келісімге келдік. Бұрыннан қалыптасқан логистикалық тізбектер үзілген кезде бұл бағытқа қажеттілік күрт артты. Сондықтан біз магистралді дамыту бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарын дайындауды тапсырдық, –  деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ мемлекеттер басшылары Ақтау – Құрық – Түрікменбашы теңіз порты бойынша кооперацияны күшейту,  «Түрікменбашы – Гарабогаз –Қазақстан шекарасы» автокөлік жолының құрылысына қатысты мәселелерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын нығайтуға ерекше мән берілетінін айтты. 

– Төл мәдениетін сақтап, тарихи отанымен байланысын  үзбеу үшін Қазақстанда түрікмендердің ұлттық-мәдени бірлестіктері мен орталықтары жұмыс істейді. Мен  құрметті  Сердар Гурбангулыұлының екі елдің Мәдени күндерін өткізу жөнінде ұсынысын қолдадым. Біз жуық арада түрікмен өнерінің шеберлерін елордамызда және Қазақстанның басқа да қалаларында қарсы алуға әзірміз,  – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің үкіметтері пандемияға байланысты тоқтап қалған тұрақты әуе тасымалын тезірек қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Сондай-ақ Президент іскерлік сапарлар үшін жеңілдетілген виза режимін енгізуді,  жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату және студент алмасу арқылы жастардың өзара байланысын нығайту бастамасын  қолдады.

Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлығы және ашық әрі өзара түсіністік жағдайында өткен сындарлы келіссөздер үшін алғыс айтты.

– Қазақстан Президентімен кездесуіміз екі мемлекет басшыларының арасында барлық бағыт бойынша өзара қарым-қатынасты дамытуға ерік-жігер, дайындық, сондай-ақ оны жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. Мұны нық сеніммен айта аламын. Біз жаһандық күн тәртібіндегі маңызды бағыт саналатын тұрақты даму мен оның құрамдас бөлігі саналатын энергетикалық қауіпсіздік, халықаралық көлік-транзит жолдарын дамыту, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ортақ іс-әрекеттерді үйлестіру ісін жалғастырамыз, – деді Түрікменстан Президенті.

Сондай-ақ Сердар Бердімұхамедов бүгінгі келіссөздер нәтижелі болғанын жеткізіп, Қазақстан Президентін Түрікменстанға кез келген қолайлы уақытта сапармен келуге шақырды. 

 

 

 

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің