National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Жаңалықтар

Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақтөбе облысының жаңа әкімін таныстырды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов Ақтөбе облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. 

Депутаттарға Ақтөбе облысының әкімі лауазымына Нұрлан Қасымханұлы Қызбергенов пен Асхат Берлешұлы Шахаровтың  кандидатурасы ұсынылды.

Ашық дауыс берудің нәтижесінде 119 депутат   Асхат Шахаровқа, 55 депутат Нұрлан Қызбергеновке дауыс берді. Жиналысқа барлығы 174 депутат қатысты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Асхат Шахаровты Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. 

Облыс активімен кездесу барысында Олжас Бектенов өңірдің жаңа әкімін таныстырды. Президент Әкімшілігі Басшысының айтуынша, Асхат Шахаровтың жауапты басшылық қызметтерде мол тәжірибесі бар. Ол әр жылдары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе және Зеленов аудандарының, Ақтөбе қаласының әкімі болды.

Олжас Бектенов еліміздің ірі өндірістік аймағы саналатын облысты дамытуға зор үлес қосқаны үшін Ералы Тоғжановқа алғыс айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмаларына айрықша назар аударылды. Облыс әкімдігіне  өндіріс пен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, автомагистраль желісін дамыту, үлескерлердің мәселелерін шешу міндеті жүктелді.

Бұдан бөлек, Президент Әкімшілігінің Басшысы жергілікті билік органдарының өкілдері азаматтармен жан-жақты байланыс орнатуы қажет екенін атап өтті.  

Жиын соңында Олжас Бектенов Асхат Шахаровқа Ақтөбе облысының әкімі лауазымындағы жауапты қызметіне табыс тіледі. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару