Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Отырыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) шеңберінде шарттар жасасу кезіндегі заңдылықтың жай-күйі талқыланды.
Бас прокуратураның, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бірінші басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Заңға сәйкес МЖӘ-нің негізгі міндеттері мемлекет пен жеке әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау, мемлекет экономикасына инвестициялар тарту, халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін арттыру, елдегі жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, 2005 жылдан бастап биылғы 1-қарашаға дейін елімізде барлығы 671 МЖӘ келісім шарты жасалған. Қазіргі уақытта 606 объектіні пайдалану кезеңінде, ал 65 МЖӘ объектісі іске асырылып жатыр.
Бас прокуратура жүргізген талдау МЖӘ институтын қолдану бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиімділігінің жеткіліксіздігін анықтады. Мемлекеттік органдар тарапынан МЖӘ объектілерінің құнын негізсіз арттыруға, көрсеткіштерді ұлғайту мақсатында, оның ішінде МЖӘ субъектілері болып табылмайтын тұлғалармен немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін жеке серіктестермен формалды шарттар жасасуға жол берілген.
Шарттар шеңберінде қабылданған міндеттемелерді жеке, сондай-ақ мемлекеттік әріптестер тарапынан орындамау жағдайлары орын алған.
МЖӘ-нің неғұрлым шығындық шарттарының басым бөлігі жеке әріптестермен тікелей келіссөздер жолымен жасалғанын атап өткен жөн, бұл оларды іріктеу сатысында нақты бәсекелестік ортаны қамтамасыз етпейді.
Қаржы министрлігінің аудиторлық іс-шараларының нәтижелері бойынша бірқатар рәсімдік және қаржылық сипаттағы бұзушылықтар анықталды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы МЖӘ жобалары бойынша толық және қолжетімді ақпараттың болмауын, кәсіпкерлердің қатысуы үшін шектеулер мен МЖӘ-нің құқықтық регламенттеуінде қарама-қайшылықтарды көрсетті.
Қазіргі уақытта МЖӘ жобаларымен су және энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, байланыс, авариялық-құтқару қызметі мен туризм салалары нақты қамтылмаған.
Арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын салу кезінде МЖӘ жобалары іске асырылмаған, ал Заңда бұл үшін құқықтық механизм қарастырылған.
Аталған проблемаларды талқылау барысында Комиссия мүшелері бұзушылықтардың көпшілігі МЖӘ ілгерілету бойынша жүйеліліктің болмауына, МЖӘ және тағы басқа салалардағы салалық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін үйлестіру мен талдаудың жеткіліксіздігіне байланысты екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында анықталған бұзушылықтарды жою бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырылды, атқарылған шараларға қатаң бақылауды орнату мақсатында есеп беру жүйесі бекітілді.