National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ұлттық медициналық холдингте болды

 

Қазақстан Президентінің тапсырмасымен 2008 жылы құрылған Медициналық холдинг Назарбаев Университеті құрамына енеді және 6 инновациялық медициналық орталықтан тұрады, олар: Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы, Республикалық диагностикалық орталық және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы.

Мемлекеттік хатшы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы жұмысымен, оның ішінде нәрестелер анестезиясы, реанимациясы және  қарқынды терапиясы, сондай-ақ ортопедия бөлімшелерімен танысты.

Г.Әбдіқалықова сапар аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Назарбаев Университетінің басшылығымен және Ұлттық медициналық холдинг қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы ұлттың денсаулығын нығайту еліміздің адами капиталын дамытудың негізгі факторының бірі болып саналатындығын атап өтті. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Қазақстан Мемлекет басшысы «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп айтқан болатын. Елбасы Ұлт жоспарында  «медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізуді» тапсырды.

Г.Әбдіқалықова Медициналық холдинг клиникаларында медицинаның барлық саласының үздік мамандары шоғырланғандығын, холдинг компаниялары тобының жоғары сапалы медициналық қызметтері зор сұранысқа ие екендігін атап өтті. Бүгінде Холдингте үздік әлемдік медициналық тәжірибелер және ғылымдағы инновациялар енгізіліп, ол телемедицина, кепілдендірілген тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемі аясында және санитарлық авиация арқылы республика өңірлеріне таратылуда.

Мемлекеттік хатшы Елбасының алдымызға әлемдегі экономикасы озық 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойғандығын атап өтті. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің өмір сүру сапасы стандарттарына жету міндеті деген сөз. Басымдықтар қатарында қазақстандықтардың болашақтағы өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін және одан да арттыру міндеті бар.

Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова Назарбаев Университеті құрамына енетін Медициналық мектеп пен Ұлттық медициналық холдингтің денсаулық сақтаудағы жаңа білім жүйесін, алдыңғы қатарлы ғылыми-инновациялық жүйені қалыптастырудағы, сонымен бірге медициналық қызмет көрсетуді жоғарғы деңгейге жеткізуге бағытталған заманауи технологиялардың тиімді трансфертінің көшбасшысы болатындығына сенім білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару