Тараптар ынтымақтастықтың түрлі саласында табысты іске асырылып жатқан бірлескен жобаларды талқылады. Олардың қатарында Астана қаласындағы Әбу Даби Плаза көпфункционалды кешенінің құрылысы, ТМД және Қазақстан аумағында алғаш қызметін бастаған «Әл-Хилал» ислам банкі және «Фалах» бірлескен инвестициялық қоры бар.
Кездесу барысында Г.Әбдіқалықова Қазақстан үшін Біріккен Араб Әмірліктері араб әлеміндегі және шығанақтағы маңызды серіктес екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Халифа бен Заид Әл Наһаян арасындағы тығыз достық қарым-қатынастар Қазақстан мен Әмірліктер байланысының берік негізін қалады. Мемлекеттік хатшы штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы біздің бастамамызды БАӘ-нің қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон саммиті барысында «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялап, халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыруға және әлемді соғыс қаупінен арылтуға шақырғанын атап өтті. Манифест БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды. Мемлекеттік хатшы Әбу Дабиді манифестегі бастамаларды іске асыруға шақырды.
Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының 2017 жылы Астана қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология жөніндегі саммитін өткізу туралы бастамасына Әбу Дабидің қолдау көрсететініне үміт артатынын айтты.
Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Әмірліктер тарапын Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.
Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова БАӘ Федералдық ұлттық кеңесінің төрайымы Әмәл әл-Кубейсиді алда келе жатқан барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айымен құттықтап, оның ҚР мен БАӘ арасындағы диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді.