National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Масдар ғылым және технологиялар институтының (БАӘ) ректоры Бехжат әл-Юсуф ханыммен кездесті

Мемлекеттік хатшы Қазақстанның Таяу Шығыстағы басты серіктесі ретінде Біріккен Араб Әмірліктерімен өзара қарым-қатынасты дамытуға баса мән беретінін атап өтті.

Г.Әбдіқалықова 2017 жылғы қазанда елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толатынын айтты. Осы кезең ішінде бірлесіп атқарған жұмыс барысында орасан мол тәжірибе жинақталып, түрлі салада табыстарға қол жеткізілді.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту, соның ішінде Араб өңіріндегі әйелдер істері және технологиялар орталығымен (CWTAR) бірлескен конференциялар, тренингтер, семинарлар сияқты іс-шаралар өткізу мәселелерін талқылады.

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінің жаңартылатын қуат көздері саласындағы саясатын толықтай қолдайды. Әмірліктердің «таза» энергияны ілгерілету арқылы экономикалық дамуға септігін тигізу тәжірибесі жақсы үлгі бола алады. Қазақстан – таяудағы онжылдықта өз индустриялық саясатының басты құрамдас бөлігі болып саналатын «жасыл» экономиканы енгізудің белсенді жақтаушысы.

Мемлекеттік хатшы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында биылғы 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форумы өтетіні туралы хабарлады. Форумда баламалы энергетика және «жасыл» экономика саласындағы инновациялық идеяларды ілгерілетудегі әйелдердің рөлі мен үлесі талқыланатын болады.

Гүлшара Әбдіқалықова доктор Бехжат әл-Юсуфті форумға қатысуға шақырды және Масдар институтының жоғары технологиялық білім беру мекемелерінің бірі ретінде «жасыл» технологияларды ілгерілетуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.

– Біз Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Зейд әл-Нахаянның көрменің ашылу салтанатына, ал Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид әл Мактумның Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық павильонының ашылуына қатысуын күтеміз, – деді кездесу соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару