National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік хатшы Алматыда Әбу Насыр Әл-Фарабидің мерейтойының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеудің басталу шарасына қатысты. Мерейтой жылының ресми ашылу салтанаты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында өтті. 

Мерекелік жиынға қатысушылар алдымен Әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Әл-Фараби орталығы-Кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Орталық-Кітапхананың таныстырылымы барысында қонақтар Шығыс ойшылына арналған музейдің экспозицияларын тамашалады. Сондай-ақ, олар Абайға және «Алаш» қозғалысының қайраткерлеріне, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне арналған залдарды, Сирек және құнды кітаптар қоры мен цифрлық оқу залын аралады.

Салтанатты жиынды ашқан Қырымбек Көшербаев өз сөзінде: «Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу шарасы ұлы ғұлама мұраларын елімізде де, шетелде де зерттеуге және зерделеуге тың серпін  береді», – деп атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгенін және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен әлемдік мәдени алаңдарда кеңінен атап өтілетінін айтты.

Әл-Фарабидің мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысында ғылыми симпозиумдар өткізу, оған әлемнің 40-тан астам елінен фарабитанушы ғалымдардың қатысады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, халықаралық экспедициялар ұйымдастырылады, тарихи мәдени нысандар жаңартылады, ғұламаның ғылыми еңбектері қайта басып шығарылады және аударылады, деректі фильмдер циклін түсіріледі, шетелдерде Әл-Фараби орталықтары ашылады. 

Әл-Фарабидің мерейтой жылының ашылуына Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, танымал шетелдік және отандық ғалымдар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару