National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қырымбек Көшербаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысын өткізді

Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Комиссия су ресурстар саласындағы заңдылықтың сақталуы, Мемлекет басшысының бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қатерінен корғау жөніндегі мәселелерді қарады.

Отырыста Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басшыларының есептері тыңдалды.

Талқылау барысында комиссия мүшелері Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің республикада сумен қамтамасыз ету сапасын едәуір төмендетуге жол берген  жүйесіз олқылықтарына назар аударды. Атап айтсақ гидротехникалық нысандардың 42 пайызы апаттық жағдайда тұр, магистральдық су тораптарындағы шығынды азайту, оңалту және жаңа инфрақұрылымдар құрылысына қатысты проблемалар өткір күйінде тұр.

Үстіміздегі жылы Комитетті және оның құрылымдық бөлімшелерін тексеру барысында қымқыру, қаржылық заң бұзушылықтар, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдаланудың көптеген фактілері анықталды. Соның салдарынан заңдылықтың бұзылуы бойынша 26 ұсыным енгізіліп, шығынның жалпы сомасы 8 миллиардтан астам теңгені құрайтын 25 факті бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды.  Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Комитеттің және оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері тарапынан жасалған бірқатар жемқорлық қылмыстарын тіркеді, олардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Осындай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесу мақсатында айқын әрі ашықтық, ізгілік қағидаттарын кең түрде енгізу және республикада қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін арнайы құрылған «Адалдық алаңы» жобалық офисі шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.

Кәсіпкерлік еркіндігінің конституциялық құқығын іске асыру мәселесі бойынша Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бақылау, қадағалау қызметі саласында кең ауқымды заңнамалық реформалар жүргізілгенін баса айтты.

Бұл орайда кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қылмыстық істерді тіркеу қысқартылып, әкімшілік және қылмыстық заңнама ізгілендірілді, сонымен қатар, салықтық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға  бағытталған нормалар қарастырылды.

Сонымен қатар республикада заңсыз тексеру саны азайып, қауіп-қатерлерді басқаруды бағалау жүйесі енгізілді және адами факторды болдырмауға, тексеру субъектілерін дербес анықтауға мүмкіндік туғызатын «ТСОБТ» (Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі) ақпараттық жүйесі әзірленді. Мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнеске заңсыз араласу фактілерінің алдын алу жұмыстары белсенді жүргізілуде, сол арқылы мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғау мүмкін болды. Еліміздің барлық өңірлерінде бизнес жобалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелденуін қамтамасыз ететін фронт-офистер ашылды.

Комиссия шешімімен мемлекеттік органдарға су ресурстарын басқару саласындағы жобаларды іске асыруда заңдылықтың сақталуын тексеру жөнінде құқық қорғау органдарының тиімді жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ, бизнесті қорғау мәселелерінде азаматтық-құқықтық қатынастарда рейдерлік фактілерді шектеу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу тапсырылды. Отырысты қорытындылай келе Комиссия мүшелері бақылау-қадағалау қызметін цифрландыру мәселесін жетілдіруді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде жұртшылық арасында  ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуді ұсынды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару