National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қырымбек Көшербаев мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының стипендиясын табыстады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2020 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын табыс етті. Мемлекеттік стипендия Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне  тағайындалды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Мемлекеттік хатшы атап өткендей, биылғы жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Демек Тәуелсіздіктің мерейтойлық жылының басталуы Мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласының жарыққа шығуымен ерекшеленді.

Ел Президентінің мақаласында Тәуелсіздіктің әр онжылдығының тарихи мәні, іргелі бастамалары мен Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешуші рөлі, қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы халқымыздың даналығы мен бірлігі, еңбекқорлығы айқын жазылған. Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтары туралы заманауи түсінікті терең әрі ауқымды түрде ашып, алдағы төртінші онжылдықтың басты мақсаттарын айқындады.

Қырымбек Көшербаев біздің қоғам Президенттің мақаласын мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезеңнің идеологиялық тұжырымдамасы және бағдарламасы ретінде қабылдағанын баса айтты.

Мәселен,  Президенттің  халқымыздың сан ғасырлық шынайы тарихын, оның ішінде шетелдік аудиторияға Қазақстанның қысқа тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аудару туралы бастамасы шын мәнінде де стратегиялық маңызды мәселе. Сондықтан қазақ зиялыларына ұлттық мүдделер мен жаңа ғылыми тәсілдерді ескере отырып, өз тарихын зерделеу, пандемияның, жаһандық дағдарыстың және саяси турбуленттіліктің қазіргі жағдайында қоғам дамуының өлшемдерін айқындау бойынша орасан зор жұмыс жүргізу міндеті қойылды.

Мемлекеттік хатшы сонымен бірге мемлекеттік қолдау еліміздің рухани негіздерін одан әрі нығайтуға, қоғамдық сананы жаңғыртуға және Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтарын насихаттауға мүмкіндік беретін жаңа идеялар мен жобаларды іздеуге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы стипендиясы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Александр Гарковец, Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаев, Болат Аюханов, Гульвира Разиева және басқа да  қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды.

Сонымен бірге, ақындар Бауыржан Халиолла, Мирас Асан, балерина Әсел Жанғасқаева, актер Аян Өтепберген, өнертанушы Валерия Недлина және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару