National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Анхель Гурриамен кездесті

Кездесу барысында Қазақстанның ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл орнату, еліміздің экономикалық өсімінің жаңа моделін қалыптастыру жағдайында адами капиталды дамыту, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілету мәселелері талқыланды.

Г.Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан еліміздің әлемдегі озық дамыған 30 мемлекеттің деңгейіне көтерілу және ЭЫДҰ-ға мүше болу міндеті қойылғаны жөнінде атап өтті. Қазақстан үшін ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық стратегиялық басымдық болып саналады және ол Бәсекеге қабілеттіліктің еуразиялық бағдарламасы аясында 2008 жылдан бастап жүзеге асырылуда.

2015 жылы ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. ЭЫДҰ-ның үздік тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау үшін Үшінші жаңғыру аясында ұлттық Жол картасы бекітілді, онда 535 ұсыным қарастырылған.

Қазақстан мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға кірісіп, конституциялық реформа жүргізді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы әзірленуде. Адами капиталды дамытуға барынша назар аударылып отыр. ЮНЕСКО-ның «Білім беруді дамыту индексі» бойынша Қазақстан 10 жылдан бері әлемнің 100-ден астам мемлекеті арасындағы үздік 8 елдің қатарында. Үш тілділік және ағылшын тілін кеңінен оқыту саясаты жүргізілуде. Қазақ әліпбиін кезең-кезеңмен латын қарпіне көшіру жоспарланып отыр. Қоғамдық сананы жедел жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы іске асырыла бастады.

Қазақстанда гендерлік теңдік мәселелеріне және ел дамуындағы әйелдердің рөліне ерекше мән беріліп отыр. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. 2016 жылы Парламенттің төменгі палатасы құрамының 27 пайызы әйелдер болды.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Алматы қаласында Еуразия апталығын өткізу идеясын қолдағаны үшін Бас хатшыға алғыс білдірді. Оның мақсаты – Орталық Азия және ЭЫДҰ елдерінен шыққан саяси қайраткерлерді, халықаралық және өңірлік ұйым сарапшылары мен өкілдерін біріктіру.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова халықаралық қоғамдастықтың сенімді әріптесі ретінде Қазақстан ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылды одан әрі нығайту бағытын жалғастыратынын атап өтті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару