Сапар барысында Г.Әбдіқалықова Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырған «100 нақты қадам – Халықтық реформалар жоспары» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференция жұмысына сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Ұлт жоспары Мемлекет басшысының елімізді жүйелі жаңғыртуға бағытталған 100 нақты тапсырмасы екенін атап көрсетті. Г.Әбдіқалықова Бес институционалдық реформаның іс-шараларын сапалы іске асыру Қазақстанға әлемнің ең озық 30 елі қатарына қосылуға мүмкіндік туғызатынын айтты. Бұл орайда, заң үстемдігі, адами капиталды дамыту, экономикалық жоғары технологиялық әлеуетті арттыру, қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамыту, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын ілгерілету мәселелері ерекше мәнге ие болмақ. Мемлекеттік хатшы Ұлт жоспарының әрбір бағытын іске асыруға Қазақстан әйелдерінің белсене атсалысуы маңызды екеніне назар аударды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған іс-шаралар аясында Г.Әбдіқалықова Орталық мемлекеттік музейде, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде болып, музейлердің жай-күйімен, көрмелермен және заманауи экспозициялармен танысты және еңбек ұжымдарымен кездесті.
Мемлекеттік хатшы Алматы қаласына жұмыс сапарының соңында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, ғалым-лингвист, ақын-аудармашы, түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйінде болды.
Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.