National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Жапония Премьер-министрі С.Абэнің шақыруымен әйелдерге арналған «WAW! Tokyo 2015» атты бүкіләлемдік конференцияның екінші отырысына қатысу үшін жұмыс сапарымен Токиоға келді

 

Мемлекеттік хатшы Жапония Премьер-министрі С.Абэмен кездесті, сондай-ақ Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрі Х.Шимомурамен келіссөздер өткізді. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ спорт саласындағы ынтымақтастықтың даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Г.Әбдіқалықова екі елдің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтары арасындағы алмасуларды жандандырудың маңыздылығын айта келіп, академиялық ынтымақтастықты жолға қою үшін жапон ғалымдарының біздің жетекші жоғары оқу орындарына, сондай-ақ Қазақстан ғалымдарының Жапония ғылым және білім орталықтарына сапарларын ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен бірге, мәдениет саласына қатысты қолданыстағы келісімді өзектендіре түсуге ұсыныс жасалды.

Жапонияның Әйелдер істері, әкімшілік реформа және мемлекеттік қызмет жөніндегі мемлекеттік министрі Х.Аримурамен кездесуде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру аясындағы, оның ішінде әкімшілік басқару мен мемлекеттік қызмет саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, тараптар әйелдердің экономикалық белсенділігін ілгерілету мәселелерінде тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді. Х.Аримураны ҚР Мемлекеттік хатшысы 2016 жылы өтетін Астана экономикалық форумының әйелдер көшбасшылығына арналған панельдік сессияға қатысуға шақырды.

Жапонияның Экономика, сауда және индустрия министрі Й.Миязавамен «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға байланысты жапон бизнесі үшін ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктер, сондай-ақ жапон компанияларының ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу мәселесі талқыланды. Көрмедегі ең ірі павильон Жапонияныкі болады деп жоспарлануда.

Денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Я.Шиозакимен кездесуде медицина саласында байланыстар орнату, халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі Жапония тәжірибесін зерделеу, дәрі-дәрмек саласындағы ынтымақтастық мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова Жапониядағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттіктің және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Токиодағы Өкілдігі басшыларымен кездесіп, KazAID-ті дамыту (дамуға ресми көмек) үшін өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасудың, елдің экономикалық саясатының дамуына талдау жасау үшін ЭЫДҰ-ның сараптамалық әлеуетін пайдаланудың мәселелерін талқылады. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару