Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев және Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев қатысты.
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық спорттың дамуына барлық қажетті жағдайды жасады. Астана мен Алматыда және Қазақстанның өзге де қалаларында ең заманауи спорттық ғимараттар салынды. Өткен жылы тек Қарағандыда ғана жоғары халықаралық талаптарға сай келетін Мұз айдыны, бокс және теннис орталықтары ашылды. Елімізде спорттық кешендер, стадиондар, қазіргі заманғы спорттық-сауықтыру нысандары бой көтеруде. Спорт пен дене шынықтыру саласын қаржыландыру жыл сайын артып келе жатыр, - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік хатшысы өз сөзінде.
Спорттағы жоғары жетістіктерге жету - айырықша назарда. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың мүшелері үшін, әсіресе, олимпиадашыларға жаттығуға барлық жағдайлар жасалған. Сондықтан біздің спортшыларымыз Лондонда лайықты өнер көрсетуі тиіс. ХХХ Олимпиадалық ойындардың басталуына 34 күн қалды. Төрт жылда бір рет болатын басты спорттық сайысқа дайындықтың қорытынды кезеңін нәтижелі өткізу - өте маңызды. Сонымен қатар, бұқаралық спорттың дамуы және халықтың спорттық ғимараттарға кең көлемде қолжетімділігін жасау жөніндегі жұмыстың мәні одан бірде-бір кем емес.
Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев алдағы Лондон Олимпиадасы ойындарына ұлттық олимпиада құрамасының дайындығы жөнінде баяндады. Ол спортшыларымыздың патриоттық сезімін арттыру мақсатында Еліміздің құрама команда мүшелерінің ар-ождан кодексі әзірленгені туралы хабардар етті. Өз сөзінде ол сондай-ақ бұқаралық спорттың даму келешегі, спорттық ғимараттарды тиімді пайдалану туралы, спорт мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын құруға байланысты мәселелерге кеңінен тоқталды.
Кеңесте олимпиадалық резерв жасақтау, отандық спорттық инфрақұрылымдарды кеңейту және қайта құру, сонымен қатар, үкіметтік емес спорттық ұйымдармен және қозғалыстармен өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту тәрізді өзекті мәселелер қаралды.
Кеңеске қатысушылар Қазақстанның – Олимпиада, Азия ойындарының, әлем және Азия біріншіліктерінің 200-ден астам чемпиондары мен жеңімпаздарын тәрбиелеген елдің, өз спортшыларынан егемен Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында мәртебесін өсіретін жоғары нәтижелер, жарқын жетістіктер күтуге құқығы бар.