- Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша біздің мемлекеттігімізді қалыптастырудағы күрделі кезеңде 8 мыңға жуық талантты жасқа стипендия берілді. Бүгінде төрт мыңға жуық жас жігіттер мен қыздар оқуларын аяқтады. Олардың 64 пайызы АҚШ және Ұлыбританияның жетекші университеттерінде білім алды. Бұл Елбасымыздың өскелең талантты ұрпақтарға жасаған қамқорлығының айқын дәделі, - деп атап өтті өз сөзінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы. – Комиссияның міндеті – Елбасының халықаралық деңгейдегі топ-менеджерлерді даярлау туралы тапсырмасына сәйкес жастарымыздың арасынан ең лайықтысын таңдап алу.
Отырыста президенттік стипендиядан үміткерлерге мүліктік кепілдік талаптарының қайта қаралуы есебінен конкурсқа алыс ауылдардан талантты жастардың қолжетімділігі едәуір арта түскені атап өтілді. Елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуының ауқымы мен ерекшеліктері ескеріліп, кадрлар даярлаудың бағдарламалық-мақсатты әдісі енгізілді. Бұдан былай, стипендиаттар, жұмыс берушілер және ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығының арасындағы үшжақты шартқа сәйкес, болашақтықтарда жұмысқа орналастыру өңірлердің сұранысы ескеріле отырып, жүзеге асырылатын болады.
Биылғы жылдан бастап ғылыми орталықтар мен мекемелердің қызметкерлерімен бірге президенттік стипендия бойынша шетелдік тағылымдамаға педагогтер, инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлер де жіберілетін болады. Бұл жаңалық, сарапшылардың пікірлерінше, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және өзге де маңызды жалпыұлттық жобаларды кадрлық қамтамасыз ету міндеттерін табысты орындап шығуға мүмкіндік береді.
Отырыстың қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданды. 2012 жылы 1186 президенттік стипендия бөлу жоспарлануда.