Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігінің басшылығы, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, ғылыми-сарапшылық кеңестің және облыстардағы ғылыми-сарапшылық топтардың мүшелері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы, ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы және ҚХА-ның ХХ сессиясының басымдықтары тұрғысындағы мемлекеттік этносаясатты ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу жұмыстарының негізгі міндеттері мен бағыттарын белгілеп берді.
Отырыс барысында мемлекеттік органдар мен ҚХА-ның ғылыми- сарапшылық кеңесінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы, ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы және ҚХА-ның ХХ сессиясының міндеттері аясында этносаясатты ғылыми-талдауды қамтамасыз ету; мемлекеттік сәйкестіліктің негізі ретінде тарихи сананы қалыптастыру; ҚХА-ның ұлттық тарихты зерттеу жөніндегі міндеттері; тіл саясаты; Қазақстан өңірлеріндегі ғылыми-сарапшылық жұмыс мәселелері талқыланды.
Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым вице-министрлері, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы А.Сәдуақасова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Кан, филология ғылымдарының докторы, профессор Э.Сүлейменова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Ким, Ақмола облыстық ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Н.Митчинова баяндама жасады.