National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың және Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен Орталық сайлау комиссиясының бірлескен отырысы өтті

Селекторлық режімде өткен отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ұлттық комиссияның, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, халықаралық ұйымдардың басшылары, сонымен қатар саяси партиялардың, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың, аймақтық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» әйелдер қауымының қызметіне зор серпін бергеніне ерекше тоқталып өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындау әйелдер мәселесімен айналысатын барлық ұйымдардың белсене қатысуын талап етеді, – деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанның 1995 жылдан – Бейжің декларациясына қосылған кезден гендерлік саясатты жүйелі түрде іске асыруға бет бұрғанын айтты. Тең құқықтылықтың заңнамалық негізін дамытуға мүмкіндік берген 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы табысты іске асырылды.

Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік индексіне сәйкес, Қазақстан өткен жылдың қорытындысы бойынша 144 мемлекет арасында 52-орынға, оның ішінде «әйелдердің экономикалық шараларға қатысуы және мүмкіндіктері» жөніндегі көрсеткіш бойынша – 30-шы, «денсаулық индексі» бойынша – 36-шы және «білім деңгейі» бойынша – 48-орынға ие болды.

2017 жылдың басында саяси мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі – 10 пайыз, Парламенттің депутаттық корпусында 22 пайыз болды.

Сонымен қатар отырыста Орталық сайлау комиссиясының әйелдердің сайлау процесіне қатысуының гендерлік аспектілері жөніндегі ақпараты тыңдалды. Бүгінде бүкіл ел бойынша 739 әйел (ұсынылған кандидат әйелдер санының 22,2 пайызы) депутат болып сайланған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтегі әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне дейін ілгерілету мәселесі талқыланды. Барлық мемлекеттік қызметшілердің 55 пайызын (50,5 мың адам) әйелдер құрап отыр. Сонымен бірге басшы лауазымдарындағы әйелдердің үлесі – 39,5 пайыз (9,6 мың адам), оның ішінде жоғарғы басшы лауазымдары бойынша – 29 пайыз. Бұл деңгей Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының орташа көрсеткішіне сәйкес келеді.

Сондай-ақ Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ақпараттары тыңдалды. Қостанай облысы жергілікті мемлекеттік органдардағы әйелдер саны бойынша көш бастап тұр. Мәслихаттардың барлық деңгейіндегі әйелдер депутаттық орындардың 31 пайызын, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің 61 пайызын құрайды,

Отырыс соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару