National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі аясында өткен «Жаңа әлемге жол саламыз» атты гала-форумға қатысты

Гала-форумға 1500-ден астам жастар өкілдері, сондай-ақ Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен «Нұр Отан» партиясының басшылығы және қалың жұртшылық қатысты.

Форумды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Онда «Жас Отан» Мемлекет басшысының барлық бастамалары мен стратегиялық жоспарларының сенімді тірегіне айналғаны, бұл  беделді ұйым мыңдаған білімді де белсенді жастардың, Қазақстанның нағыз патриоттарының басын біріктіріп отырғаны атап өтілген.  

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі мемлекеттің ұдайы назарында. Қазір бүкіл әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін елде саяси, экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғырулар қолға алынды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айтылып, таяу жылдарда  қолға алуды қажет ететін міндеттерге ерекше назар аударылды. Олар: латын әліпбиіне көшу, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, үш тілде білім беру және т.б. Бұл үшін сапалы білім беруге және біліктілігі жоғары жас мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлу керек. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген съезд атауы Қазақстан жастарының жаңа білім мен инновацияға деген ұмтылысын аңғартады.

Президент жастарды жан-жақты дамуға – спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болуға шақырды.

Съезд алғаш рет VR (virtual reality) форматында көрсетілді. Бұл технология кез келген Интернет пайдаланушысына залдағы көріністің барлығын 360 градус айналасында көруіне мүмкіндік береді.

«Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация», «Саламатты ұлт» тәрізді 5 секциялық бағыт бойынша тақырыптық жобалар әзірленді.

 «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі сананы жаңғыртуға және Қазақстан жастарының жаһандық бәсекеге қабілетті болуына бағытталған жастар саясатының жаңа форматы аясында өткізілді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару