National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты

 

Конференцияның ашылу салтанаты алдында Қазақстанның ғылыми және шығармашылық зиялы қауымы өкілдерінен құралған делегация Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандар  ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Делегацияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бастап барды.

Конференция жұмысына 1500-ден астам адам қатысты. Олардың  қатарында ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық  өкілдіктердің  басшылары, судьялар, отандық саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қоғамдастығының, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ жетекшілері, сондай-ақ Әзербайжан, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, Қырғыз Республикасы, Қытай,  Беларусь, Тәжікстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Швейцария сынды мемлекеттерден тарих пен мемлекеттіліктің даму проблемаларын зерттейтін ірі  ғалым-зерттеушілер бар.

Пленарлық отырыста Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияға қатысушыларға және шетелдік қонақтарға арналған құттықтауын оқып берді.

Мемлекет басшысының құттықтауында Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын бүкіл халық болып мерекелеу – бір шаңырақ астында өзара келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтардың бірлігінің жарқын көрінісі екені айтылған.

«Біз өткенімізді мақтан тұтамыз және ата-бабаларымыздың сан ғасырлық армандарын ақиқатқа айналдыра отырып, олардың асыл мұраларын қастерлейміз. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы тарихи сананың берік іргетасына сүйенеді. Бұл – қазақстандық патриотизмнің маңызды қыры. Қазақстандық тарихшылардың Қазақ хандығы құрылуының, қалыптасуы  мен дамуының тарихи үдерісіне, халқымыздың тарихи жолына терең талдау жасап, зерттеу жұмыстарын  жалғастыра беруі маңызды» делінген құттықтауда.

Сонымен бірге, Әзербайжан, Моңғолия, Түркия ұлттық ғылым академиясының өкілдері, Ресей Ғылым акадамиясының мүшелері баяндама жасады.

Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, этнологтар, шығыстанушылар, тіл мамандары «Қазақ хандығы және Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы»; «Қазақ хандығынан – Қазақстан Республикасына дейін: тың деректер, жаңаша тұжырымдамалар»; «Қазақ құқығы мен билер сотының әлем өркениетіндегі орны» және «Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы орны» деп аталатын төрт секция бойынша жұмысты жалғастырды. Секциялар жұмысына сондай-ақ жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студент жастар қатысты. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару