National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше елдердің ұлттық-мәдени орталықтарының «Астанаға ыстық ықыласпен» атты азаматтық форумына қатысты

Мемлекеттік хатшы форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Астана елімізге қуатты пассионарлық серпін берді және Қазақстанның көп ұлтты халқын өзінің ортақ тарихи тағдырының бірегейлігін сезінуге, өз күшіне сенуге септігін тигізді деген сөзіне назар аударды.

– Тарихи өлшем тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде Қазақстанның жаңа елордасы ел тәуелсіздігінің символына, Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарының жүзеге асырылуының жарқын мысалына айналды, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің негізгі басымдығы Азия мемлекеттері арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, тұрақтылықтың орнықты құрлықтық құрылымын қалыптастыру екенін айтты.

Өткен 25 жылда ұйым құрлықтағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің сенімді тетігіне айналды.  

Мемлекеттік хатшы форумда мәдениетаралық ынтымақтастықтың жаңа жолдары, этносаралық келісімді нығайтудағы азаматтық қоғамның рөлі жөнінде ашық әрі тиімді диалог өрбитініне сенім білдірді.

Іс-шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, Парламент депутаттары, дипломатиялық миссиялар, мемлекеттік органдар, этномәдени және жастар бірлестіктері, елшіліктер жанындағы ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.  

Сондай-ақ, форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар мен достық байланыстар жөніндегі комитет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.   

***

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіне мүше елдердің ұлттық-мәдени орталықтарының форумы 2008 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жыл сайын өткізіліп келеді.   

2014 жылы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Атқарушы комитеті мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

26 мемлекет (Ауғанстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бангладеш, Вьетнам, Египет, Үндістан, Ирак, Израиль, Иордания, Иран, Қазақстан, Катар, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Монғолия, Пәкістан, Палестина, Корея Республикасы, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан) Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің мүшесі болып табылады.

12 ел мен халықаралық ұйым (Беларусь, Индонезия, Шри-Ланка, Украина, АҚШ, Жапония, Малайзия, Филиппин, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, ТүркПА және Араб мемлекеттері лигасы) байқаушы мәртебесіне ие.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару