Бұл бастаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Азия даму банкі 2001 жылы сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында тәжірибе алмасу үшін ұсынған болатын. Қазақстан оған 2002 жылы қосылды.
Жиынға Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаев, Қаржы министрі Ә.Смайылов, Азия даму банкінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет және парасаттылық жөніндегі офисінің кеңесшісі Л.Вонг, Азия және Тынық мұхит аймағының 20-дан астам елінің мемлекеттік сатып алулар саласындағы коррупцияға қарсы қызметтері мен мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Азия даму банкінің және БҰҰ Даму бағдарламасының халықаралық сарапшылары қатысты.
Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу ісінде алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдау басты міндет болуға тиіс» деген сөзіне тоқталды.
Г.Әбдіқалықова Ұлт жоспары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия аясында Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың заманауи моделін қалыптастырып жатқанын айтты. Елде сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам құруға бағытталған коррупцияға қарсы саясат іске асырылуда. Мақсаты – оның салдарымен күресу емес, алғышарттарын жою.
Шенеуніктермен тікелей байланысты болдырмау үшін мемлекеттік қызметтердің 78 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бұл осы саладағы тұрмыстық сипаттағы жемқорлық деңгейін үштен екіге төмендетуге мүмкіндік берді. «Мемлекеттік сатып алулар порталы» ашылып, оның аясында барлық мемлекеттік сатып алулар мен оның рәсімдері 100 пайыз электрондық форматқа көшірілді.
Қазақстанда цифрлық үкімет пен электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту саласы бойынша қабылданып жатқан шаралар сыбайлас жемқорлықты мейлінше азайтуға бағытталған.
Соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова отырысқа қатысушыларға мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолында тиімді диалог орнатуға тілектестік білдірді.