National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу күніне орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи стандарттар және халықаралық ынтымақтастықты дамыту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

Конференцияға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың, отандық академиялық қоғамдастықтың, азаматтық сектордың өкілдері, сондай-ақ Германия, Ұлыбритания, Австрия және Бельгия елдерінен келген жетекші сарапшылар қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысының саяси ерік-жігері Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып саналатынын атап өтті. Елдегі Үшінші жаңғырудың басты басымдығының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып отыр.

Мемлекеттік хатшы Ұлт жоспары және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2025 жылға дейінгі стратегиясы сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресуге бағытталғанын айтты.

Г.Әбдіқалықова бүгінде көрсетілетін қызметтердің 60 пайызы электронды түрде жүзеге асырылатынын атап өтті. Соның нәтижесінде Қазақстан әлемнің 174 мемлекеті арасында БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша 33-орынға ие болып отыр. Елімізде 1995 жылдан бастап сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі 7 мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Биыл 8 заң жобасы, заңға тәуелді 30 акт және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 8 стандарты әзірленді.

– Бүгінде Қазақстанды цифрландыру ісін ілгерілету аясындағы басты міндеттің бірі – бүкіл жұртшылықты сыбайлас жемқорлықпен күреске тарту үшін заманауи ақпараттық әдістер арсеналын кеңінен қолдану, сыбайлас жемқорлыққа төтеп беретін берік иммунитет пен бұл келеңсіз құбылысқа қарсы мығым мәдениет қалыптастыру, – деді Мемлекеттік хатшы.

Конференцияға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелеріне, осы саладағы озық тәжірибелер мен жетістіктерге жан-жақты тоқталды.

Соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларды алда келе жатқан мереке – Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару