National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның әлеуметтік сала еңбеккерлерінің форумына қатысты

Форумға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски, Парламент депутаттары, Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың жетекшілері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Ресей, Ұлыбритания, Финляндия, Хорватия, Чехия елдерінен келген шетелдік сарапшылар қатысты.

Форумның мақсаты – халықты әлеуметтік қорғау саласында жинақталған тәжірибені талдап қорыту, негізгі бағдарларды анықтау, әлеуметтік сала еңбеккерлерінің рөлі мен олардың еңбегін қайта сараптау.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі», – деп атап көрсеткен болатын. Осы мақсатпен Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды.

Г.Әбдіқалықова заманауи жаһандық сын-қатерлер мемлекеттер алдына әлеуметтік саясатқа қатысты жаңа талаптарды көлденең тартып отырғанын айтты. Осыған орай БҰҰ-ға мүше елдер 2030 жылға дейінгі Орнықты Даму Мақсаттарын қабылдады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттер азаматтардың өз мүмкіндіктерін кедергісіз, ал әлеуеттерін кеңінен пайдалануына, еңбек нарығында мейлінше ұзағырақ қалуына жағдай жасауға тиіс. Бұл үшін түрлі әдістер мен тетіктер қолданылады: қайта оқыту, оңалту бағдарламалары, жұмыс күшінің жинақы болуын ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту және т.б. 

– Бүгінде Қазақстан Үшінші жаңғыруды жүзеге асыруда. Ел алдына адами капиталдың сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау, сондай-ақ барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер қойылды, – деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы 2009 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заң қабылданған соң елімізде әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту қолға алынғанын айтты. Оның негізгі бағытының бірі – әлеуметтік сала еңбеккерлері институтын қалыптастыру және дамыту.

Сондай-ақ, форумның күн тәртібіне әлеуметтік саладағы менеджмент, әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру, коммерциялық емес ұйымдардың арнаулы әлеуметтік көмек көрсету ісіне атсалысу аясын кеңейту, волонтерлік пен қайырымдылықты қолдау тәрізді өзекті мәселелер енген.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару