National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Француз Республикасына сапары

 

Сапар барысында Г.Әбдіқалықова ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде болып, ұйымның бас директоры И.Боковамен кездесті. Тараптар әңгімелесу барысында ЮНЕСКО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәртебелі мақсаттары мен қағидаттарына деген Қазақстанның ұстанымы өзгермейтінін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы ЮНЕСКО жетекшісі И.Бокованы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауының негізгі ережелерімен, Қазақстан халқы ассамблеясының қызметімен, Қазақстанда білімді, ғылым мен мәдениетті, гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі шаралармен таныстырды.

И.Бокова Қазақстан басшылығының Ұйым әлеуетін кеңейтуге, оның ішінде бірқатар бағдарламаларды қаржыландыруға көрсетіп жатқан қолдауын, еліміздің ЮНЕСКО қызметіне белсене қатысуын жоғары бағалады.

Сонымен қатар, ЮНЕСКО бас директоры Қазақстан бастамашылық еткен Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы идеясының рөлін ерекше атай отырып,  алдағы отырысына өзі қатысуды жоспарлап отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жаһандық күн тәртібіндегі маңызына тоқталды.  

Г.Әбдіқалықова сапар аясында сондай-ақ франциялық «Кампус Франс» білім беру агенттігінің бас директоры А.Грассэнмен, «Париж Сорбонна Сите» университеттер қауымдастығының президенті Ж.И.Мэрэндолмен және қоғам қайраткері, «Сорбонна-Қазақстан» университетін құруға бастамашы  болған М.Хальтермен кездесулер өткізді. Тараптар Қазақ-Француз стратегиялық серіктестігі басымдықтарының бірі болып табылатын университетаралық ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен келешегін егжей-тегжейлі талқылады.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Қорқыт Ата кітабының алғашқы шығарылымының 200 жылдығына, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына орай Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Түркіменстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдіктерімен бірлесіп ұйымдастырған салтанатты іс-шараға қатысты. Аталған іс-шара барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің симфониялық оркестрі Қорқыттың белгілі туындыларын ұсынды.

Іс-шараның ашылуында сөйлеген Г.Н.Әбдіқалықова Қорқыт бейнесі Еуразияның бүкіл кеңістігіндегі түркі халықтарының мәдени және рухани дәстүрлері үшін алтын көпір болып табылатынын, сондай-ақ «Қорқыт ата кітабы» барша адамзаттың игілігі екенін айтты.

Соңында Мемлекеттік хатшы іс-шараның осындай жоғары деңгейде өткізілуіне жәрдемдескені үшін ЮНЕСКО-ға алғысын білдіріп, бұл ұйым бүкіл әлемнің мәдениеттері арасында дәнекерлік қызмет атқаратынын атап өтті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару