Г.Әбдіқалықова 500 мыңнан астам құнды құжаттар сақталған қолжазбалар қорымен танысты. «Бабалар сөзі» 100 томдығы осы қор материалдарының негізінде әзірленді.
Кездесу барысында институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы У.Қалижанов Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізетін халықаралық конференция туралы және қоғамдық-гуманитарлық салаларда атқарылып жатқан ғылыми жұмыстар жөнінде ой бөлісті.
Мемлекеттік хатшының ғалымдармен әңгімелесуі кезінде тәуелсіз Қазақстанның әдебиеттануы мен өнертануының қазіргі заманғы үрдістерін зерделеу, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының негізінде халықтың жалпыұлттық құндылықтарын ілгерлету мәселелері талқыланды.
Г.Әбдіқалықова сондай-ақ институтқа қарасты Мұхтар Әуезов мемориалдық музей-үйінде болып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Институт 1934 жылы Қазақ ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институты болып құрылды. Әр жылдары мұнда М.Әуезов, А.Жұбанов, М.Қаратаев сияқты белгілі әдебиет және ғылым қайраткерлері еңбек етті. Осы уақыт уақытта институт қазақ әдебиеттануы, фольклористикасы және өнертану салаларының басты ғылыми орталығына айналды.
Институт Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы қарсаңында Қазақстанды мекендеген этностардың фольклорын, әдебиеті мен өнерін зерттеуге арналған «Қазақстан халқының театр өнері», «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан халқының әдебиеті», «Астана: геосаяси көшбасшылықтан мәдени саналуандыққа», «Көне түркі әдебиетінің типологиясы» сияқты бірқатар ұжымдық монографияларды жарыққа шығарды.
Сонымен қатар, институттың қазақ диаспоралары көп шоғырланған Өзбекстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдеріне ұйымдастырған ғылыми экспедицияларының қорытындылары бойынша «Шетел қазақтарының өнері», «Шет елдердегі қазақ әдебиеті», «Шетелдегі қазақ фольклоры» атты монографиялар жарық көрді.