Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында өткен кездесуге республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев, Мәдениет және спорт вице-министрі М.Әзілханов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев қатысты.
Биылғы жылы Мәскеу (Ресей) және Бейжің (Қытай) қалаларында өткен салтанатты шерулерге республиканың түрлі өңірінен 13 ардагер қатысып қайтты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған қорытынды іс-шаралар аясында өткен Мемлекеттік хатшымен кездесуге Астана қаласының ардагерлері А.Бекмади, К.Жолдыбаев және О.Линник шақырылды.
Г.Әбдіқалықова өз сөзінде Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша бүгін Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және Шымкентте Жеңіс шерулеріне қатысқан соғыс ардагерлерін марапаттау шаралары өткізіліп жатқанын айтты.
Мемлекеттік хатшы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген қамқорлық мемлекеттің маңызды міндеті екенін Елбасы ұдайы айтып жүргеніне назар аударды. Мәселен, биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша біржолғы материалдық көмек көрсету және мерекелік іс-шараларға қатысу үшін мемлекеттік бюджеттен 7,7 миллиард теңге бөлінді.
Г.Әбдіқалықова Ұлы Жеңіс үшін ардагерлерге деген шексіз ризашылығын білдіре отырып, олардың Отанымыздың тәуелсіздігі жолында жасаған өшпес ерліктері мен тылдағы қажырлы еңбектерін жадымызда сақтауды, ұрпақтан ұрпаққа өсиет етуді қасиетті парыз санайтынымызды атап айтты.
Кездесу барысында ардагерлер Мемлекет басшысының ұдайы қамқорлығы мен ықыласына алғыстарын білдірді. Олар Елбасының жүргізіп отырған сарабдал әрі сындарлы саясатын қолдайтындарын айтты. Сол саясаттың арқасында елімізде бейбітшілік, бірлік және татулық салтанат құрып отырғанына тоқталды.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы ардагерлерге Қазақстан Президентінің ізгі тілектерін жеткізіп, Мәскеу және Бейжің қалаларында өткен шерулерге қатысқан ардагерлерге «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ арнайы бөлген ақшалай сертификаттарды табыс етті.