Кездесу барысында республикалық жастар ұйымдарының жетекшілері Мемлекеттік хатшыға Жастар жылы аясында жүргізіп жатқан жұмыстары жөнінде мәлімдеді.
Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша қазіргі таңда жастардың әл-ауқатын жақсартуға, олардың сапалы білім алуына, денсаулық сақтау қызметіне қол жеткізуіне, баспана жағдайын түзетуіне, бос уақыттарының дұрыс ұйымдастырылып, Қазақстан жастарының өмірден өз орнын табуына бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Елбасының жастар саясаты саласында алға қойған міндеттерін тиімді орындау үшін мемлекеттік органдар мен жастардың үкіметтік емес ұйымдары бірлесе жұмыс жүргізуі қажеттігін айтты.
Осыған байланысты Б.Сағынтаев еліміздің барлық жастарын Жастар жылы аясында іске асырылып жатқан жобаларға белсене атсалысуға, өзін-өзі жетілдіру, білім деңгейін көтеру және кәсіби біліктілігін арттыру үшін жаңадан енгізілген «әлеуметтік лифт» мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы жастарымыз еліміздің жаһандық әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналуға тиіс екендігін атап өтті.