National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

 

Онлайн режімінде өткен отырысқа облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік комиссиялар мүшелері қатысты.  

Отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы квазимемлекеттік сектордағы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау саласындағы іс-қимыл шаралары, сонымен қатар Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік жоспарлардың іске асырылу барысы талқыланды.

Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктердің тиімділігі Қазақстанды әлемнің мейлінше дамыған мемлекеттер отыздығына енгізу жөніндегі мемлекеттің стратегиялық міндетін табысты атқарудың, бес институционалдық реформаны жүргізудің және Ұлт жоспары – «100 нақты қадамды» іске асырудың  бірден бір  шарты екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы квазимемлекеттік сектордағы іс-қимыл басым бағыттың бірі ретінде аталған. Қолданыстағы ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктер сектордың есептілігін, қадағалануын және шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуі қажет. Бұл кездейсоқтық емес, себебі мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алулар көлемі бюджеттік құрылымдардың сатып алулары мөлшерінен асып түседі.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау саласында сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік тудыратын олқы тұстарға орын қалдырмаудың да маңызды зор. Мемлекеттік хатшы атап өткендей, мұндағы көкейкесті түйткілдерді бірлесе күш-жігер жұмсау арқылы шешіп, мүдделі органдар мен табиғи монополия субъектілері қызметінің, соның ішінде тариф қалыптастыру мәселелерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет.

Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмыс қорытындыларын қарау барысында жергілікті атқарушы органдар назары бюджет қаражатының жұмсалуын бақылаудың пәрменді шараларын қабылдаудың, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуде электрондық форматты мейлінше кең қолданудың, азаматтық сектор мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңыздылығына аударылды.

 Отырыста бас прокурор А.Дауылбаевтың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы  Қ.Қожамжаровтың, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетовтің, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің, «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Е.Бахмутованың, ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевтың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Р.Жүрсіновтің баяндамалары тыңдалды.

 Комиссия отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданыстағы тетіктерді жетілдіру жөнінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға арналған ұсынымдар әзірледі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару