Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Комиссия мүшелері аталған мемлекеттік органдар жұмысына жан-жақты талдау жасады. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес Мемлекеттік рәміздер күні «Маусым – «Мемлекеттік рәміздер» тақырыптық айындағы негізгі қоғамдық-саяси оқиға екеніне тоқталды. Осы орайда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясындағы кешенді ақпараттық-имидждік жұмыстың маңызды бөлігі болуы тиіc екендігі атап өтілді. Мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың бұзылуына жол бермеу, оны үнемі бақылауды қамтамасыз ету, құқықтық қолдану тәжірибесін жаңғырту, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау саласын бақылауды күшейту мәселелеріне ден қою қажеттігі жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларына айрықша талап қойылды. Отырыс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.