Комиссия отырысын ашқан Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Бес институционалдық реформасын іске асыру аясында жаңа кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
Үстіміздегі жылдың басынан бері «Болашақ» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа даму жоспары бойынша жүзеге асырылуда, жоспарда оны жаңартудың негізгі бағыттары белгіленген.
Жаңартылған Ереже шеңберінде «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеуде «жоғары оқу орнының түлегі» санаты алынып тасталып, «магистратураға инженерлік-техникалық қызметкер» деп аталатын жаңа санат енгізілді.
Стипендиаттарды тілдік оқыту «6+6» моделі бойынша Астана және Алматы қалаларындағы «Болашақ» бағдарламасының тілдік мектептерінде табысты іске асырылуда. Ағылшын тілін білу талаптары күшейтілді.
Split PhD жобасы шеңберінде докторанттарды даярлау жалғасуда, сондай-ақ іскерлік әкімшілендіру магистрлерін (МВА) даярлау бағдарламасы бойынша оқу қайта жаңартылды.
2016 жылғы 11 сәуірден 13 мамырға дейін құжаттар қабылдаудың бірінші (көктемгі) кезеңі өткізілді. Конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 216 үміткер қатысты.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиисияның шешімімен 137 үміткерге, оның ішінде 100 адамға – магистратура бағдарламасы, 8 адамға – докторантура бағдарламасы бойынша оқуға және 29 адамға тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалды.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы «Болашақ» бағдарламасын одан әрі іске асыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына шетелде кадрлар даярлаудың магистратура, PhD докторантура, тағылымдама деңгейлері арасында ережелерді саралау, сондай-ақ магистратураға және докторантураға «өз бетінше түскендер» санаты бойынша үміткерлер үшін 2 жылдық өтілдің болуы жөніндегі талапты алып тастау тәрізді өзгерістер енгізілетін болады.