National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Гүлшара Әбдіқалықова жастар саясатының басымдықтары Қазақстан-2050 Стратегиясының негізгі мақсатының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтарды меңгеруге, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деп атап өткен болатын.

- Бүгінде Қазақстанда жүйелі өзгерістер жасалып жатыр. Экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға, саяси реформалар мен қоғамдық сананы жаңартуға бағытталған елдің Үшінші жаңғыруы жүзеге асырылуда. Осы үдерістерде ұлт болашағы – жастарға ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында жастарды, соның ішінде ауыл жастарын жұмыспен қамту және орналастыру жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы Дін істері және азаматтық қоғам, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Білім және ғылым министрлерінің баяндамалары тыңдалды.

Кеңес мүшелері Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын мақұлдады.

Басқосу қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері жөнінде бірқатар тапсырма берді.

***

2017 жылғы 3 тоқсандағы жағдай бойынша еліміздегі белсенді жастар саны – 2 120,7 мың адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар – 2 036,0 мың адам. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға жетті.

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім алуға 21 мың жас жолданды, қысқа мерзімді кәсіптік біліммен 30,1 мың адам қамтылып, 1,1 мың адам шағын несие алды, жұмысқа орналастырылған жастар саны – 163,6 мың адам.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару