National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонның БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәлімдемесі

2023 жылғы 04 мамыр

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Тәжікстан Президентіне алғыс айтты.

– Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында өтіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар аралығында қазақ-тәжік ынтымақтастығы ғасырлар бойғы достық пен стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дами отырып, айтарлықтай жоғары деңгейге жетті. Екі ел үкіметтерінің сенімді саяси диалогы мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қарым-қатынастардың мазмұны үнемі жаңарып келеді. Бүгін қол қойылған Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларация – мұның айқын дәлелі. Бұл құжат халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне толық сай келеді және ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысының белгісі. Декларацияда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға бағытталған нақты шаралар қамтылған, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев толық форматта өткен келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалап, бұл кездесулер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ерекше сипаты мен перспективасы зор екенін тағы да растағанын атап өтті. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берді.

– Бірлескен күш-жігердің арқасында былтыр екіжақты тауар айналымы 1,4 миллиард долларға жетті. Құрметті Эмомали Шарипович екеуміз өзара сауда-саттықты кем дегенде екі миллиард долларға дейін арттыру үшін қосымша қажетті шаралар қабылдауға уағдаластық. Қазақстандық өндірушілер қазірдің өзінде Тәжікстанға жалпы көлемі 140 миллион доллардан асатын 60 тауар түрі бойынша өз экспортын ұлғайтуға дайын. Мысалы, еліміз Тәжікстанға жеткізілетін азық-түліктен бастап темір жол жабдықтары мен жылжымалы құрамдарға дейінгі көптеген тауарлардың көлемін арттыра алады. Перспективті келісімшарттар KazakhExport компаниясы арқылы жасалуы мүмкін. Бұл отандық компанияның қызметтері ТМД елдерінде үлкен сұранысқа ие. Тәжік бизнесінің де Қазақстанға шығарылатын экспортты ұлғайту үшін мол резерві бар екеніне сенімдімін. Бұдан бөлек, Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған жол картасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Екі ел үкіметтеріне осы бағыттардың барлығын мұқият пысықтау тапсырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында өнеркәсіп кооперациясы, энергетика және машина жасау салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға баса мән берілді.

– Кеше өткен қазақ-тәжік бизнес-форумы мен Іскерлік кеңестің отырысы кәсіпкерлердің осы салаларда өзара тиімді байланыс орнатуға қызығушылық танытып отырғанын растады. Атап айтқанда, бизнес-форум барысында жалпы сомасы 1,8 миллиард доллар болатын келісімшарттарға қол қойылды, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп секторындағы өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту перспективаларына тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 40 пайызға өсіп, 500 миллион доллардан асты.

– Қазақстан – Тәжікстанға үлкен көлемде бидай мен ұн жеткізетін елдің бірі. Бұл ретте біздің өсімдік майлары, макарон, сүт өнімдері және кондитерлік өнім түрлері бойынша экспортты ұлғайту үшін резервіміз жеткілікті. Өз кезегінде Қазақстан Тәжікстаннан жеміс, көкөніс өнімдерін жүйелі түрде импорттауға мүдделі. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сақтау үшін бірлескен кәсіпорындар құру перспективаларын қарастыруға келістік. Қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді және уақтылы іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасына қол қойылды. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында аталған шаралар мемлекеттеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар екі ел басшылары іскерлік байланыстар мен экономикалық қатынастарды кеңейту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

– Осы ретте өңіраралық форумдар форматында екіжақты ынтымақтастықтың басталуының маңызы арта түсті. Бүгін қалаларымыз бен аудандарымыз арасында бауырластық байланысты дамыту үшін қол қойылған бірқатар құжат осы міндетті атқаруға септігін тигізеді деп ойлаймын. IТ cекторы мен қаржы саласындағы ынтымақтастық екі елге мол мүмкіндік береді. Еліміздің мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде және IT-технологияларды дамытуда тәжірибесі мол. Осыған орай Қазақстан достық және өзара қолдау көрсету рухында Тәжікстанмен кейбір пысықталған цифрлық бастамаларды және ақпараттық жүйелерді бөлісуге дайын. Қазіргі уақытта Қазақстанның банк секторы Тәжікстанның қаржы нарығына қызығушылық танытып отыр. Нақты келіссөз жүргізіліп жатыр. Тәжікстандық серіктестерді айтылған бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас халықтардың арасында алтын көпірге айналғанын айтты. Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндерін және басқа да бірлескен іс-шараларды өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар президенттер білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделі екенін растады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Тәжікстанның жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын тең негізде ашу жоспары бар.

Келіссөздер барысында аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге де баса мән берілді.

– Өңіріміздің орнықты дамуы – аймақтағы барша бауырлас халықтың түпкі мүддесіне сай келетін ортақ мақсат. Бұл жөнінде біздің пікіріміз бірдей. Осы ретте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі аясындағы тығыз қарым-қатынасты жалғастыруға келістік. Мүмкіндікті пайдалана отырып, алдағы уақытта Душанбеде өтетін аймақ елдері басшыларының саммитіне қатысатынымды нақтылағым келеді. Бүкіл өңір үшін аса маңызды су мәселесі жақсы қырынан қарастырылды. Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді пайдалану  туралы ұстанымдарымыз ортақ екенін, сондай-ақ бұл істе конструктивті ынтымақтастық пен өзара тиімді шешімдер іздеу қажеттігін тағы да растадық. Бұл мәселеде Аралды құтқарудың халықаралық қоры айрықша рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты және сапарының нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

– Өз тарапымнан келіссөздер дәстүрлі түрде сындарлы және өзара сенімге негізделген сипатта өткенін айтқым келеді. Қарым-қатынасымызды дәйекті түрде дамыту үшін тұрақты саяси диалогты жалғастыру маңызды екенін тағы да нақтыладық. Бұл орайда бүгін біздің стратегиялық  серіктестігімізге одақтастық қатынас  сипатын беру туралы шешім қабылданғанын айрықша атап өткім келеді. Қарым-қатынасымыздың жаңа сапасы барлық бағыт бойынша мемлекетаралық байланыстардың одан әрі  қарқынды дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл тарихи шешім Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың отыз жылдығында қабылданып отыр. Соңғы отыз жылда ауқымды құқықтық база қалыптасты. Біз оны бүгін жаңа құжаттармен толықтырып отырмыз. Сауда-экономикалық байланыстар біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бағыты болып қала береді. Қазақстан – ортақ  сыртқы сауда құрылымымызда екінші орында және Тәжікстанның жетекші серіктесі, –  деді Эмомали Рахмон.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің