National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың бірлескен мәлімдемесі

2022 жылғы 15 қазан

2022 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары болды.

Достық, өзара құрмет пен сенім рухында өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшылары стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Президенттер Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы көп ғасырлық достық байланыстар мен тату көршілікке, бауырлас халықтардың терең мәдени-рухани байланыстарына негізделген дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғаннан кейінгі 30 жылдық кезеңінде қол жеткізілген ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атай отырып, Қазақстан-Түрікменстан қарым-қатынастарын жан-жақты нығайту бағытының мызғымастығын және екіжақты ынтымақтастықты екі бауырлас мемлекеттердің түбегейлі мүдделеріне сай келетін және Орталық Азия өңіріндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды факторы ретінде қызмет ететін өзара іс-қимылдың жаңа сапалы дәрежесіне шығарылғанын растады.

Халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, оның ішінде мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті, өңірлік тұтастықты, шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, тең құқықтылық пен өзара тиімділік қағидаттарына берік бейімділігін растай, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Түрікменстан ынтымақтастығының үдемелі дамуын қанағаттанушылықпен атай келе, 2017 жылғы 18 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартта көрсетілген қағидаттарды басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы мәлімдеді:

Президенттер екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың орнықты әрі серпінді дамуының негізгі факторы ретінде сенімді және өзара құрметке негізделген саяси диалогты одан әрі дамытуды және нығайтуды жақтайды.

Қол жеткізілген, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 25 қазандағы Ашғабат қаласына мемлекеттік сапарының және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың 2022 жылғы 15 қазандағы Астана қаласына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша уағдаластықтарды бірлесіп іске асырудың маңыздылығын атап өтеді.

Қазақстан Республикасының және Түрікменстанның Президенттері өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара тығыз іс-қимылды қанағаттанушылықпен атап өтті, сондай-ақ әлем сахнасында өзара іс-қимылын жандандыруға ниетін растады.

Мемлекет басшылары Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері форматы шеңберіндегі өңірлік кооперацияны дамытып, тереңдетудегі қол жеткізілген прогресті жоғары бағалады. Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісіне бірлесе күш салып одан әрі жәрдем көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Президенттер Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асырылуын құптады.

Президенттер Каспий маңы өңіріндегі өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау бағыты мен бірлескен күш-жігердің өзгермейтінін растады. Сындарлы диалогты дамыту және жан-жақты ынтымақтастықтың әлеуетін ашу мақсатында Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммиттерін тұрақты түрде өткізудің маңыздылығы баса айтылды. Осыған орай Мемлекет басшылары Түрікменстанда өткен Алтыншы Каспий саммитінің маңыздылығын және Каспий экономикалық форумын одан әрі өткізу қажеттілігін атап өтті.

Күрделі халықаралық ахуал, мемлекетаралық қақтығыстардың өсіп келе жатқан тәуекелдері мен күшейіп келе жатқан әскери-саяси және экономикалық текетірес аясында тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның институттарының жаһандық мәселелерді шешудегі, орнықты дамуды қамтамасыз етудегі, әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы рөлін арттыру, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың халықаралық әлемге қауіп төндіретін агрессия актілеріне қарсы күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді.

Мемлекет басшылары барлық даулы мәселелерді бейбіт түрде саяси-дипломатиялық жолмен шешудің маңыздығын баса айтты.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың өңірлік және жаһандық деңгейлерде диалогты дамытудағы күш-жігерін, оның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздік пен орнықты дамуды қолдау мен нығайтудағы бейтараптық саясаттың рөлі мен маңызы», «Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы, 2021жыл», «Орталық Азия өңірінде бейбітшілікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту», «Орталық Азияның бейбітшілік, сенімділік және ынтымақтастық аймағы» қарарларын қабылдау жөніндегі бастамасын жоғары бағалады. Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстанда жан-жақты диалогты нығайтуға бағытталған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, «Орталық Азия – Ресей», «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммиттерін өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Президенттер COVID-19 пандемиясы тұрғысынан көрініс тапқан қазіргі заманғы сын-қатерлердің жаһандық сипатын растады, ол күллі адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттердің күш-жігерін ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде тиімді үйлестіруді талап ететінін көрсетті.

Осыған орай Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының жетпіс бесінші сессиясында өз қызметінде Биологиялық және уыттық қаруға тыйым салу туралы конвенциясына негізделетін Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру, сондай-ақ БҰҰ аясында Аурулар мен биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар жүйесін құру туралы бастамаларының өзектілігін атап өтті.

Мемлекет басшылары Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі мемлекеттері ұйымы және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар мен форумдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және өзара қолдауға мүдделілігін атап көрсетті.

Тараптар халықаралық терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, есірткі құралдарының немесе психотроптық заттардың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және халықаралық қауіпсіздіктің басқа да сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы күрестегі екіжақты деңгейде де, халықаралық құрылымдар, оның ішінде 2022 жылдан бастап Түрікменстан өкілі директор қызметін атқаратын Алматы қаласындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) шеңберінде де ынтымақтастықты одан әрі дамытуды қолдады.

Екі мемлекеттің басшылары ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісінде күш біріктіру қажеттігін атап өтті, Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты және 2015 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының 70/57 қарарымен қабылданған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларацияны іске асыру шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Президенттер сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика және көлік салаларындағы бірлескен жобаларды практикалық түрде іске асырудың маңыздылығын мойындайды.

Мемлекет басшылары өзара қызығушылық туғызатын салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту ісінде үйлестіру органы ретінде Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан Үкіметаралық комиссиясы қызметінің тиімділігін арттырудың маңызын атап көрсетеді.

Президенттер сауда-экономикалық, энергетикалық, көлік-коммуникациялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі өрістету үшін қолда бар әлеуетті тиімді әрі кешенді түрде іске қосудың қажеттілігін атап өтеді.

Тараптар тауар айналымын өзара сауданың номенклатурасын кеңейту, қолайлы жағдайлар жасау және қосылған құны жоғары өнімдерді тарту арқылы одан әрі арттырудың маңызын растайды. Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Сауда өкілеттіктерін өзара құру туралы келісімді келісуді және оған қол қоюды жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшылары шағын және орта бизнес саласындағы бірлескен кәсіпорындардың санын көбейтуге бағытталған іскерлік байланыстарды кеңейтудің қажеттігін баса айтады және бизнес-форумдар мен өнеркәсіп өнімдерінің ұлттық көрмелерін тұрақты түрде өткізуге күш салуды жандандыруға дайын екендіктерін білдіреді. Осыған орай Қазақстан-Түрікменстан Іскерлік Кеңесінің екі елдің кәсіпкерлері арасында тығыз байланыстар мен практикалық өзара іс-қимыл орнату бөлігіндегі қызметін жандандыру қажеттігі атап көрсетілді.  

Президенттер инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың, инвестициялар тарту мен оларды мемлекеттік дәрежеде қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап көрсетеді. Өзара инвестицияларды жан-жақты қолдаудың тетіктерін жетілдіру мақсатында Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді келісуді және оған қол қоюды жеделдетуді тапсырды.

Екі мемлекеттің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының жоғары әлеуетін қанағаттанушылықпен атай отырып, Президенттер Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның өңірлері арасындағы көп қырлы қарым-қатынасты кеңейтуді жақтады.

Тараптар қолда бар әлеуетін іске қосу мақсатында сыртқы нарыққа тез арада және тиімді шығуды қамтамасыз ететін көлік-коммуникация саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін білдіреді.

Тараптар «Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» көлік дәлізін оның тартымдылығын жоғарылату арқылы дамытуды, сондай-ақ көлік коммуникацияларын әртараптандыру мақсатында жаңа бағдарларды пысықтауды жалғастырады. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан аумағы бойынша көлік транзитін қамтамасыз ететін «Өзен (Қазақстан) – Гызылгая – Берекет – Этрек (Түрікменстан) – Горган (Иран)» магистралін бірлескен жобаларды іске асыру кезінде басым бағдар болады деп есептей отырып, бұл арқылы теміржол тасымалдарын жүзеге асырудағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтеді.

Президенттер мемлекетаралық қарым-қатынастың іргетасы болып саналатын мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап көрсетеді. Білім, ғылым, туризм және денсаулық сақтау салаларында өзара іс-қимылды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар жоғары оқу орындары арасында байланыстар орнатылғанын құптады.

Мемлекет басшылары өзара негізде 2023-2024 жылдары Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Мәдениет күндерін ұйымдастыруды тапсырды. Тараптар бірлескен телевизиялық жобалар, көрмелер, фестивальдер мен өзге де мәдени іс-шаралар өткізуге, ортақ тарихи және мәдени мұраны сақтау мен ілгерілету мақсатында күш біріктіруге дайын екендіктерін білдіреді.

Президенттер экологиялық проблемаларды шешуге, оның ішінде судың, атмосфералық ауаның ластануын, топырақ эрозиясын азайтуға, сондай-ақ табиғи апаттар қатерін төмендетуге бағытталған келісілген шараларды қабылдау қажеттігімен келісті.

Арал және Каспий теңіздерінің бассейнінде, әсіресе экологиялық дағдарысқа ұшыраған аймақтарда әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайды оңалтумен байланысты проблемаларды кешенді шешу үшін күш біріктіру қажеттігін растады. Орталық Азиядағы барлық мемлекеттердің мүдделері мен қатысуын ескере отырып, Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру бойынша бірлесіп күш салуға жәрдемдесуге дайын екендігі айтылды. Жаһандық климаттың өзгеруі мен теңізді қоректендіретін өзендер ағынының азаюына байланысты Каспий теңізінің тартылып бар жатқанына алаңдаушылық білдірілді.

Мемлекет басшылары Орталық Азия трансшекаралық өзендерінің су ресурстары өңір халықтарының ортақ игілігі болып табылады және қазір өмір сүріп жатқан ондаған миллион адамдар мен болашақ ұрпақтардың тағдыры, бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен әл-ауқаты осы ресурстардың әділ де ұтымды пайдаланылуына тәуелді деп мәлімдеді. Осыған орай олар өзара түсіністікті нығайтуды және сындарлы ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ өзара қолайлы да әділ шешімдер іздестіруді қолдайды.

Мемлекет басшылары келіссөздер мен сапар шеңберінде қол қойылған құжаттар әртүрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне және Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның бауырлас халықтарының мүдделеріне қызмет ететініне сенім білдірді.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және күллі Қазақстан халқына өзіне көрсетілген қонақжайлық, құшақ жая жылы шыраймен қабылдағаны үшін шын жүректен алғысын білдіріп, Қазақстан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Түрікменстанға қарымта сапармен келуге шақырды.

Қазақстан Президенті шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Сапар мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің