National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі


Құрметті мемлекеттер басшылары!

Қадірлі достар!

Бүгін біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының алдағы даму бағытын анықтау үшін халықаралық саясаттың орталығы ретінде танылған Астанада жиналып отырмыз. Біз Ұйымымызды достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «Шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналдыра алдық.

ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде танытты. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін.

Былтыр Ұйымға төрағалық міндетін қабылдаған Қазақстан ШЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттің белсенді қолдауымен ауқымды жұмыс атқарды. Біз түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесін өткіздік.

ШЫҰ-ның Экология жылы аясындағы жұмыс белсенді түрде жүргізілді. Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар.

ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады. Осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық өте қарқынды дамып келеді.

Біз Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аудардық. «ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды.

Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды. Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады деп сеніммен айта аламын.

Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсеткені және белсенді қатысқаны үшін Ұйымға мүше барлық мемлекетке шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы басым бағыттардағы жұмысты жалғастыра отырып, біз ШЫҰ кеңістігінде гүлденген қоғамдастық құруда, сондай-ақ жаһандық деңгейде бейбітшілік, жасампаздық және прогресс идеяларын ілгерілетуде бұдан да зор табыстарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін.

 

Құрметті әріптестер!

 

Біздің ойымызша, «Шанхай ондығына» кіретін барша ел үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқтала кеткім келеді.

Бірінші. Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту.

Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс.

Мемлекеттеріміздің біріккен әлеуеті, экономикалық қуаты мен интеллектуалдық ресурстары бұл бағытта алға қарай батыл қадам басуға мүмкіндік береді.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің адамзатты бейбітшілікке, ынтымаққа және өзара сенімге шақырған үні анағұрлым анық әрі салмақты естілетініне күмән жоқ.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие.

Ұйымға төрағалығымыз аясында мен «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын жүзеге асыруды дәл осы мақсатпен ұсындым. Орайлы сәтті пайдалана отырып, аталған маңызды құжатты қабылдауға қолдау білдіргендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Өзара күш-жігер біріктіру арқылы бұл бастаманы жаһандық деңгейге көтере аламыз деп сенемін.

Бұдан бөлек, қазіргі жағдайды ескере отырып, Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келді. «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарымызда болуға тиіс. Бұл ретте бүгін қабылданатын Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасының маңызы зор.

Сонымен қатар аталған кешенді бағдарлама Ауғанстандағы ахуалды жақсартуға үлес қосуды көздейді. Қазіргі уақытта бұл елде күрделі процестер жүріп жатыр. Соған қарамастан, жағдайдың тұрақталып, экономиканың жандана бастағанын білдіретін нышандар анық байқалады.

Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын Алматы қаласында ашу туралы Қазақстан бастамасын жүзеге асыруға қолдау білдіреді деп сенемін.

Бәрімізге ортақ тағы бір маңызды міндет – киберқауіпсіздікті күшейту. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарыштап дамып келе жатқанын ескеріп, біз бұл салаға ерекше мән беруіміз қажет. ШЫҰ елдеріндегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынамын. Бүгін қабылданатын Халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл жоспары осы мақсаттарға сай келеді.

Екінші. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту.

Әлемдік экономикада жағымсыз үрдістер белең ала бастады. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан, біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ынтымақтастық ұйымының маңызды міндеттері.

Өзара сауда-саттықтың артуы ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналып келеді. Мәселен, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті.

ШЫҰ-ға мүше елдердің технологиялық базасы үлкен және экономиканың барлық маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарығы бар. Арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерінің әзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Осы ретте ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала береді. Инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттігі айқындала түсті.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Жобалық қызметті қаржымен қамтамасыз ету механизмін құруды ұсынамыз. Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан қазірдің өзінде аталған алаңда белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, АХҚО резиденттерінің 20 пайызы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің компаниялары.

Үшінші. Тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайту.

Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды.

Төртінші. Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту.

Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді.

Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз.

 

Құрметті саммитке қатысушылар!

 

Менің бүгінгі ұсыныстарымның бәрі біздің ортақ ізгі мақсаттарымызға қол жеткізуге елеулі үлес қосуға деген шынайы ниеттен туындады. Қазақстанның төрағалығын қолдағандарыңыз үшін сіздерге тағы да зор ризашылығымды білдіремін.

Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаны ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Сіздің алдағы жауапты миссияңызды атқару барысында жан-жақты қолдау көрсетеді.

Қытай тарапының төрағалығы ШЫҰ-ның жаһандық беделін одан әрі арттыруға, халықтарымыздың игілігі мен өркендеуі жолындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін.

Назар салып тыңдағандарыңызға рақмет!


Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен: